Конституциялық кеңестің аппарат жетекшісі Бақыт Нұрмұханов Тұңғыш Президенттің Ата заңдағы мәртебесі туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Конституцияда 46-бап болмайды. Ал 91-бапта Тұңғыш Президенттің мәртебесіне қатысты «Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы» деген сөз ғана қалады. Басқа ешқандай сөз жоқ», – деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихаты барысында БАҚ өкілдерінің сауалына орай. Сонымен қатар ол қазіргі Конституцияда Тұңғыш Президент Конституциялық кеңестің мүшесі бола алады деген бап бар екендігін атап өтті. «Бірақ, Конституциялық сот саяси орган саналады. Енді Конституциялық сот болған кезде ол жерде нағыз мамандар, заңгерлер отыруы керек. Сол үшін бұрынғы Президенттер мүше, судья, сот бола алмайды. Яғни, өкілеттігі жоқ», – деді Бақыт Нұрмұханов.

Оның түсіндіруінше, қазіргі уақытта Ата заңның 33 бабына 56 түзету енгізу көзделген.

«Екі бөлімнің атауы өзгереді. Сонымен алғанда Ата заңның бүкіл бөліміне өзгеріс енгізіледі. Конституциялық кеңеске арналған бөлім Конституциялық сот болып, сот және сот төрелігі деген 7-бөлімнің атауына прокуратура және адам құқықтары жөніндегі уәкіл деген сөздер қосылады. Өйткені, бұл бөлімде аталған институттарға арналған баптар бар», – деді ол. Еске сала кетейік, бұған дейін Конституциялық кеңес Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өтінішін іс жүргізуге қабылдаған болатын.