Халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру, мұқтаж отбасыларға көмектесу жобалары сәтті жүзеге асуда. Соның бір дәлелі мектепке дейінгі білім беру саласында орын алды. Жуырда әлеуметтік осал топтан шыққан, қиын жағдайдағы отбасылардың балалары балабақшаларда тегін тамақпен қамтамасыз етіледі деген ақпар тарады. Бұл туралы оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

– Қаржылай қиындыққа ұшыраған отбасылар өздерінің балаларын, қаражаттың жетіспеушілігіне байланысты, кезекке де қоймайды, сәйкесінше олар балабақшаға да бармайды. Нәтижесінде бұл балалардың әлеуметтенуі жеткіліксіз болады, мектептегі үлгерімі төмен тәуекел тобына түсуі бойынша тәуекелдер көп. Сондай-ақ, балалар дұрыс тамақтанбағандықтан, олардың денсаулығында да проблемалар туындайды, – дейді министр.

Президенттің сайлауалды бағдарламасында көрсетілген бірнеше тармаққа тоқталып өткен ведомство басшысы бұл мәселенің қалай шешілетінін мәлім етті.

– Бұл мәселені шешу үшін енді Президенттің бағдарламасына сәйкес, Отбасының цифрлы картасы арқылы қиын жағдайға ұшыраған, әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балаларды анықтау алгоритмі енгізіліп, олар балабақшаларда тегін тамақпен қамтамасыз етіледі. Президенттің бұл игі бастамасы бірнеше жүз мың балаға балабақшаға баруға, оларды әлеуметтендіруге, денсаулығын жақсартуға, болашақта оқу үлгерімін жоғарылатуға мүмкіндік береді, – депп жазды олү

Сондай-ақ, министрдің айтуынша барлық бастауыш сынып оқушылары тегін ыстық тамақпен қамтылады.

– Бүгінгі таңда 7 облыста 1-4-сыныптардың оқушысына тегін ыстық тамақ беріледі. Енді Мемлекет басшысының 2029 жылға дейінгі сайлауалды бағдарламасы аясында 1-4-сынып оқушыларын 100% мектеп тамағымен қамту жоспарланып отыр. Президенттің бұл бастамасы өз кезегінде балалардың денсаулығына, жақсы дамуына, оқу үлгерімін және әл-ауқатын жақсартуына оң әсер ететіні сөзсіз. Көптеген зерттеу осындай шешімдердің пайдалы екенін көрсетіп отыр», – дейді Асхат Аймағамбетов.

Сондай-ақ Ведомство басшысы сәбилерді 2 жастан бастап балабақшамен қамту міндеті бекітілгенін мәлім еткен болатын.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!