3 қаңтарда Ұлттық қауіпсіздік қызметі мен ресейлік Федералдық қауіпсіздік қызметі бірлесіп, Байқоңыр қаласында арнайы операция өткізді. Нәтижесінде ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері ұсталды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

ҰҚК мәліметінше топ құрамында Қазақстан мен Ресей азаматтары болған. Сонымен қатар Астана, Қызылорда және Қонаев қалаларында аталған топтың көмекшілері ұсталды. 

“Жалпы арнайы операция барсында ұйымдасқан қылмыстық топтың 18 басшылары мен белсенді мүшелері ұсталды. Олардың тұрғылықты жерлері бойынша атыс қаруы, ақшалай қаржы және тергеу үшін қызығушылық тудыратын өзге де материалдар алынды. Қылмыстық топтың адам ұрлауға, бопсалауға, қарумен қарақшылық шабуылдау және ұрлыққа қатыстылығы бары анықталды. Қылмыстық элементтер ұзақ уақыт бойы Байқоңыр қаласы және Қызылорда облысындағы қылмыстық ахуалға кері әсер етіп келіп, ауыр және аса ауыр қылмыстарды жасауда қатыгездіктерімен ерекшеленген”, – делінген хабарламада. 

Қауіпсіздік комитеті ұсынған ақпаратқа сәйкес 2022 жылдың қыркүйегінде қылмыстық топтың қатысушылары арасындағы атыс салдарынан көшеден өтіп бара жатқан бейбіт адамға оқ тиіп, оқиға орнында көз жұмған.

“ҰҚК қызметкерлері арнайы операцияны прокуратурамен келісе отырып, жедел-іздеу және техникалық іс-шаралардың кешенін жүргізу арқылы көп айлар бойы тыңғылықты әзірлеп келген. Қазіргі уақытта сот алды тергеу аясында ұсталғандардың өзге де қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде және қажетті тергеу амалдары жүргізілуде” – деп қосты ведомствоның баспасөз қызметі. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!