Өзара визалық талаптардан босатылған мемлекеттерден келетін шетелдіктердің Қазақстанда болу мерзімі ұзартылады. Ішкі істер министрлігінің Көші-қон қызметі комитеті осындай ұсыныс көрсетілген қаулыны жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан Республикасына виза алуды талап етпейтін тәртіппен көшіп келушілердің Қазақстанда болуына мемлекеттік шекараны кесіп өткен күннен бастап 180 күндік жиынтықта 90 күн өткенше рұқсат етіледі. Бұл ҚР мемлекеттік шекарасын кесіп өткен күннен бастап күнтізбелік 14 күн өткен соң аяқталатын Иран, Қытай Халық Республикасы және Үндістанның азаматтарына әсер етпейді», – деп жазылған құжатта.

Айта кетейік, бұрынғы талапқа сәйкес, Қазақстан аумағына визасыз келетін азаматтардың елімізде 30 күн тұруына рұқсат етілетін.

«Көшіп келушілердің рұқсат етілген болу мерзімін есептеуді ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің лауазымды адамы өткізу пунктінде 180 күн бұрын нақты кірген күннен бастап санап шығару жолымен жүзеге асырады. Егер келу кезінде көшіп келушінің оған рұқсат етілген болу мерзімінен асып кеткені анықталған жағдайда, «Халықтың көші-қоны туралы» заңындағы тәртіппен келуден бас тарту туралы шешім қабылданады», – деп көрсетілген өзгеріс енгізілгелі отырған қаулыда.

Дегенмен, бұл нормалар Қазақстанда уақытша тұруға рұқсат алған шетелдіктерге қолданылмайды.

Сонымен қоса, бұрынғы редакцияда елге заңсыз көшіп келушілерді Қазақстан аумағынан шығару шығындарын сол адамды елге шақырған не оның еңбегін пайдаланған жеке немесе заңды тұлға өтейтін. Ұсынылып отырған қаулыда бұл норма алынып тасталған.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!