Соңғы аптада аймақтағы белді білім беру ұйымы – «Болашақ» университеті  туралы алып-қашпа әңгіме мен жорамал көбейді. Алғашында ЖОО-ның білім беру лицензиясынан айырылғаны айтылса, кейін оқу орнының жабылатыны туралы қауесет тарады. Ата-аналар мен студенттер оқу жайына алаң білдіріп, көбі өзге білім беру ұйымына ауысуға асыққаны бар. Әрине, мұндай дүрлігу орынсыз емес. Университет келеңсіздікке тап болғаны ұстаздар қауымының бейне үндеуінен-ақ білінген. Алайда мәселенің ақ-қарасын анықтау, «Болашақтың» келешегі туралы нақты ақпарат беру кенжелеген еді.

Сон­дықтан кеше аймақтағы бірнеше ЖОО-ның басшылары жиылып, университет үшін жағымды жаңалықты бөлісті. Соңғы өзгеріске сәйкес, «Болашақ» университеті мен Қызылорда технология және қызмет институты бірігіп, «Қызылорда Ашық университеті» атты оқу орны құрылмақ. Аталған ақпаратты «Болашақ» университетінің құрылтайшысы Бақберген Досманбетов пен Қызылорда технология және қызмет институтының құрылтайшысы Қылышбай Бисенов жеткізді.

 Бақберген Досманбетов мұндай шешім білім беру жүйесіне жасалған жаңарту нәтижесінде қабылданғанын әрі аталған қадам аймақ әлеуетіне септігін тигізетінін атап өтті. Сондай-ақ әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа нүкте қойып, «Болашақ» университеті жабылады» деген ақпаратқа пікір білдірді.

– Өткен жылдың соңында университетіміздің лицензиясы тоқтады. Біріншіден, жұмыстағы кемшіліктерге байланысты, екіншіден, жеке оқу орындарын біріктіру мақсатында жүзеге асырылды. Қазіргі таңда барлық өңірде осы мәндес жұмыс жүргізілуде. Бұл жағдайдан студент те, оқытушы да зардап шекпейді. «Болашақтың» студенттері өз корпусында, ал Қызылорда технология және қызмет институтының білім алушылары өз ғимараттарында оқуды жалғастыра береді, – деді Бақберген Сәрсенұлы.

Сонымен қатар, белгілі болғандай, Бақберген Досманбетов пен Қылышбай Бисенов жаңадан құрылатын «Қызылорда Ашық университеті» оқу орнының құрылтайшысы атанды. Қос басшы да ашық университет құру әлемдік тәжірибе екенін алға тартып, жемісті нәтижеге қол жеткізуге құлықты екенін білдіруде.

– Ұстаз, ғалым ретінде біздің мақсатымыз – әрбір білім алушының мүддесіне, сол азаматтардың болашағына қызмет жасау. Өздеріңіз білесіздер, білім – әрбір ұлттың сапасын анықтайтын құрал. Мемлекет басшысы білім сапасына ерекше назар аударуда. Жеке оқу орындарын ірілендіру әлемдік тәжірибеде бар. Жалпы ашық университеттің тарихы 1846 жылдан Ұлыбритания елінде басталған. Сол тәжірибені өз өңірімізде де қолданудамыз, – деді Қылышбай Бисенов.  

Иә, 1 аптаға созылған «Болашақ» университетінің дауы осылай шешім тапты. Осы аралықта жүздеген студент құжат арқалап, қайда барарын білмей сандалғаны жасырын емес. Көбіне нұсқалған шешім – Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіне ауысу. Себебі, білім алушыларға жағдай жасау үшін аталған университетке ауысқан студенттердің оқу ақысы І-ІІ семестрде өзгеріссіз қалады. Сондықтан көптеген студент бұл мүмкіндікті қапы жібермей, таңдауын жасап та үлгерген.

Әрине, білім алушыға орын табу, білім беру бағдарламасын икемдеу Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіне де оңайға соқпаған тәрізді. Мұны университет басшысы Бейбіткүл Кәрімова былайша жеткізді:

– Қазіргі таңда біздің университетке ауысуға өтініш көп түсуде. Осыған орай оқу орнында ауысу процесі жүргізіліп жатыр. Бүгінде 5 білім беру бағдарламасы бойынша 120 магистранттан өтініш келіп түсті. Одан бөлек, 32 білім беру бағдарламасы негізінде 1200 студент ауысуға өтініш берді. Өтініш берушілердің арасында барлық курс студенттері бар. Басым көпшілігі 4 курс студенттері. Бұл өтініштер білім ордасының нақты шешімі шыққанға дейін келіп түскен. Біз студенттерді қабылдауға әзірміз. І және ІІ семестр бойынша оқу ақысы «Болашақ» университетінің бағасымен қалады. Ал келесі оқу жылынан бастап студенттер университет бекіткен оқу ақысы бойынша төлем жасайды. Студенттердің оқу орнын ауыстыру процесі қысқы каникул кезінде жүзеге асады, – деді Бейбіткүл Кәрімова.

Айдын ЖАҚСЫЛЫҚ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!