Медициналық тексеру кезінде кейбір жастарымыз әскерден жалтаруға талпынады. Бұл туралы Сенат депутаты Геннадий Шиповских айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазір қоғамда жастарымыздың әскери борышын өтеуге, әскерге баруына қатысты біраз мәселе бар. Енді бірі әскерге барып жатса, енді бірі әскерге барудан қорқады. Біз өңірлердегі бірқатар жағдайды байқап отырмыз, яғни медициналық тексеру кезінде кейбір жастарымыз әскерден жалтаруға талпынады. Осы орайда медкомиссияға пара ұсынып, жалтарып жатыр. Әрине, бір жағынан оларды да, ата-аналарын да түсінуге болады. Қазіргі заманда 18 жасқа дейін мәпелеп өсірген баласын аман-есен әскерге жіберіп, одан кейін оны мүгедек күйінде немесе табытпен қарсы алып жатса, кімге жақсы ?! Менің ойымша, біз әскердегі тәртіпсіздікті реттемей, парақорлықты көбейтіп жатырмыз», – деді Г. Шиповских Сенатта әскери қызметшілердің денсаулығына қатысты мәселені талқалау кезінде.

Өз кезегінде Бас әскери прокурордың бірінші орынбасары Мақсат Қазиев әскерде командирлер жақсы тәрбие беріп, өздерін үлгі ретінде көрсетуі әр сарбазға үлкен қолдау болатынын айтты.

«Қорғаныс министрлігіне тоқталсам, жыл сайын командир 720 құжат толтыруы керек. Осы орайда сарбаздарға қарап, психологиялық тұрғыда немесе басшы ретінде көмегін қалай көрсетеді? Күні бойы қағаз толтырумен жүреді. Сондықтан осы мәселені көтердік. Қазіргі кезде ведомстволар бұл құжаттарды азайтып, тек нақты құжаттарды ғана қалдырып жатыр. Сонымен қатар басқа да жоспарларды пысықтап жатырмыз», – деді М. Қазиев.

Бұл тұрғыда сенатор Геннадий Шиповских әскердегі кемшіліктерді жою үшін қатаң шешімдер болуы керек екенін атап өтті.

«Егер өңірде осындай жағдай болса, бір сарбаз мерт болса немесе мүгедек болса, дәл сол жердегі аймақтық бөлімшелердің бірінші басшыларын міндетті түрде қатаң жауапқа тарту керек. Тіпті, трибуналға жіберу керек. Сонда ғана тәртіп орнайды», – деді депутат.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!