Атбасардағы өрт сөндіру бөліміне хабар түнгі сағат 2-де түсті.

Ақмола облысында жер үйден шыққан өрттің кесірен үш адам өлді. Ұйықтап жатқан ерлі-зайыпты мен олардың екі жастағы сәбиі өртенген үйден шыға алмай қалған, деп хабарлайды Zakon.kz.

Аудан орталығы Атбасардан 120 шақырымдағы Сочинское ауылында өрт түн ортасында басталған. КТК телеарнасының хабаралуынша, ұйқыда жатқан жұрт екі пәтерлі үйдің өртенгенін білмепті.

Ауыл тұсынан көлігімен өтіп бара жатқан азамат өртті байқап, өрт сөндірушілерге хабар берген. Атбасардан құтқарушылар жеткенше, Сочинскоедегі волонтер өрт сөндірушілер жасағы өртті сөндірген. Алайда 31-32 жастағы ерлі-зайыпты мен екі жастағы баланы да ешкім құтқара алмады.

«Атбасардағы өрт сөндіру бөліміне хабар түнгі сағат 2-де түсті. Бірден алты маман мен арнайы көлік аттанды, бірақ Сочинскоеға келгенде үйдің 80 пайызы жанып кеткен. Өртті кеш байқапты. Үйден үш адамның мәйіті табылды. Қазір техникалық сараптама тағайындалып, өрттің шығу себебі анықталып жатыр», деді
Атбасар ауданы ТЖБ бастығы Ерболат Әшкенов.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!