ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Руслан Сәкеев сәуірден бастап базалық және ынтымақты зейнетақы төлемдерінің көлемі қалай өзгергенін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінде еліміздің 4 млн 200 мыңға жуық азаматы әр түрлі әлеуметтік төлемдер алып отыр. Олардың 2 млн 300 мыңы ғана зейнеткерлер. 1 млн 200 мыңға жуығы көпбалалы отбасылар. Шамамен 700 мыңға жуығы мүгедектігі бар азаматтар.

Биыл зейнетақыларды төлеуге 3 трлн 64 млрд теңге қарастырылып отыр. Оның ішінде 2 трлн 960 млрд теңге республикалық бюджеттен бөлінеді. Бұл Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің барлық шығындарының 67 пайызын құрайды. Бұл сома ортақ және базалық зейнетақы төлемдеріне бағытталады», – деді ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.

Оның сөзіне қарағанда, жинақтаушы зейнетақы қорынан жасына байланысты жинақтаушы зейнетақы төлеу үшін 104 млрд теңге қарастырылып отыр.

«Жинақтаушы зейнетақыны қоспағанда ынтымақты және базалық зейнетақының орташа жиынтық мөлшері 1 сәуірде 105 337 теңгені құраса, 1 сәуірден кейін 109 346 теңгені құрайды. Жинақтаушы зейнетақыны қосып есептегенде ынтымақты және базалық жинақтаушы зейнетақының орташа жиынтық мөлшері 1 сәуірге дейін 133 337 теңге болса, 1 сәуірден кейін 138 616 теңге болады.

Жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысушылар зейнетақысының орташа мөлшері шамамен 30 мың теңгеге жоғары болады», – деді Руслан Сәкеев.

Вице-министрдің мәліметі бойынша, Екінші дүниежүзілік соғыс мүгедектері ай сайын 201 мың теңгеден алып отыр.