Шотландияның Глазго қаласында климаттың өзгеруімен ересектер ғана емес балалар да күресіп жатыр. Екі аптаға созылатын Біріккен Ұлттар Ұйымының 26-шы конференциясының Жастар форумына қазақстандық жастар да қатысып, олар «Ең үздік арт шара» аталымы бойынша үздік деп танылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандықтар климат жөніндегі Жастар форумында үздік деп танылды

Сурет авторлары қазақстандық жас балалар. Елде бұған дейін ұйымдастырылған «Менің жасыл ғаламшарым» және «Жануарлар менің досым» атты байқаулардың жеңімпазы атанған. Сандық форматтағы суреттер Глазго қаласында қағазға шығарылып, халықаралық форум көрермендеріне ұсынылды. «Жұмыстардың негізгі тақырыбы – экология және қоршаған орта. Барлығы да жүрекке жылы тиеді. 8 бен 17 жас аралығындағы балалар ғаламдық проблемалар туралы хабардар екендігі ерекше әсерлендірді. Конференция соңында қорытынды шығарылып, мені 3000-нан астам делегаттардың арасынан «Ең креативті» деп таңдады», – дейді көрменің арт директоры, 17 жастағы София Гамазова.

Қазақстандықтар климат жөніндегі Жастар форумында үздік деп танылды

София және Диана – Алматыдағы 48 лицей мектептің 11 сынып оқушысы. Климаттың өзгеруімен күрес бойынша БҰҰ конференциясының жастарға арналған форумы туралы әлеуметтік желі арқылы біліп, қатысуға шақыру алған. Ұйымдастырушы тарап арнайы грант бөлгіп, егіз қыздың жол шығындарын көтерген. Форумда Дианаға Қазақстан қорықтары туралы лекция өткізу міндеті жүктелген. Одан бөлек ол маскаларға қоршаған ортаға қамқорлықпен қарауға шақыратын месседж жазуды үйрететін шеберлік сабағын жүргізген.

«Маскаға көк мұхиттың суретін салып, оны пластик қақпақ және кәмпиттің қағазымен толтыруға болады. Осылайша бетпердедегі бейнелер арқылы халықты қоршаған ортаны ластамауға шақырып, күрмеулі мәселеге назар аудартуға болады», дейді форум қатысушысы Диана Гамазова. София мен Диана мектеп бітірген соң, экологияға қатысты мамандықтарды меңгеріп, Қазақстандағы қоршаған ортаны қорғау проблемаларымен айналысуды жоспарлап отыр. Биыл Климаттың өзгеруімен күрес бойынша БҰҰ конференциясы жанындағы жастар форумы 16 жыл қатарынан өткізіліп келеді. Оның басты ерекшелігі – өскелең ұрпақ өздерінің ресми пайым-пікірлерін БҰҰ өкілдеріне тікелей жеткізе алуында. Шара нәтижесінде жастар бағдарламалық құжат дайындап, әлем көшбасшыларының талқылауына жолдайды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!