2500 орынға арналған мектептің үлгілік жобасы әзірленіп жатыр. Бұл туралы Үкімет басшысының бірінші орынбасары Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Министрлік (Білім және ғылым министрлігі) 2018 жылы орта білім беру нысандарын жобалау кезінде құрылыс нормаларын қайта қарау жұмысын бастады. Осы кезеңде мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен 3000 оқушыға арналған мектеп салу, 5 қабатты мектеп ғимараттарын салу, жер учаскелерінің алаңы бойынша талаптарды қайта қарау және басқа да мәселелер пысықталды», – делінген Ә. Смайыловтың депутаттық сауалға берген жауабында.

Оның айтуынша, биыл құрылыс нормаларына өзгерістер енгізу бойынша қосымша ұсыныстар тізбесі қалыптастырылды (ғимараттардың алаңы, оқу жабдығымен жарақтандыру, оқу кабинеттері бойынша).

«Сонымен қатар, қазіргі кезде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті 2500 орынға арналған мектептің үлгілік жобасын әзірлеуде. Жалпы, аталған бағыттардағы жұмыс жалғасуда және Үкіметтің тұрақты бақылауында», – деді Ә. Смайылов.

Айта кетейік, Әлихан Смайылов елімізде салынатын жаңа мектептерге қатысты түсінік берді. 1000 мектептің құрылысы бойынша проблемалық мәселелерге қатысты сіздердің депутаттық сауалдарыңызға мынаны хабарлаймын. Қазіргі кезде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2025 жылдың соңына дейін кемінде 1000 мектеп салу бойынша өңірлер бөлінісінде жол картасы әзірленуде. 2021 жылы 1000 мектептің 200-ін, оның ішінде нысаналы құрылыс есебінен 163 мектепті, жан басына қаржыландыру тетігі есебінен 31 жекеменшік мектепті, мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) аясында 6 мектепті пайдалануға беру жоспарланған.

Еске сала кетейік, биыл қазан айында Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Жұлдыз Сүлейменова жаңа мектептер құрылысына кедергі болатын түйінді мәселелерді көтерді.

Осы орайда депутат ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Әлихан Смайыловтың атына сауал жолдады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!