Әкімшілік сот ісі мынадай негізгі сатыларды рет-ретімен өтуді білдіреді:
1) талап қоюды сотта тіркеу;
2) соттың келіп түскен әкімшілік іс бойынша әрекеттері және алдын ала тыңдау;
3) сот талқылауы;
4) соттың шешімін шығару, оны жария ету және түсіндіру;
5) соттың шешімін орындау және сот бақылауы.
Берілген талап қою міндетті түрде қабылдануға, тіркелуге, есепке алынуға және қаралуға жатады.Әкімшілік сотта әкімшілік іс талап қою негізінде қозғалады.Талап қоюға мыналар қоса беріледі:
1) әкімшілік процеске қатысушылардың саны бойынша талап қоюдың және оған қоса берілген құжаттардың көшірмелері;
2) мемлекеттік баждың төленгенін растайтын құжат;
3) сенімхат немесе өкілдің өкілеттігін куәландыратын өзге де құжат;
4) талап қоюшы өз талаптарын негіздейтін мән-жайларды растайтын құжаттар;
5) егер бұл тәртіп заңда белгіленсе, дауды реттеудің сотқа дейінгі тәртібінің сақталуын растайтын құжаттар;
6) егер талап қоюды заңды тұлға берсе, жарғының, мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің немесе анықтаманың көшірмелері және басқа да құжаттар;
Сот талқылауы басталғанға дейін судья дауды мүмкіндігінше бір сот отырысы барысында шешу үшін қажетті барлық әрекеттерді, өкімдерді жүргізеді. Әкімшілік істі алдын ала тыңдауға дайындау мақсатында судья талап қоюшыға талап қоюдың жоюға болатын кемшіліктерін көрсетеді және оларды түзету үшін, әдетте, мұндай талап табыс етілген күннен бастап он жұмыс күнінен аспайтын мерзімді, оған соттың талаптарын орындамаудың процестік салдарларын түсіндіре отырып белгілейді. Судья жауапкерді Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің талаптарына сәйкес дайындалған және ресімделген жазбаша пікірді және жоғары тұрған әкімшілік орган басшысының, лауазымды адамның уәжді ұстанымын он жұмыс күнінен аспайтын мерзімде әкімшілік іспен бірге (бар болса) беруге міндеттейді. Талап қоюшы алдын ала тыңдау сатысында пікірмен және ұстаныммен танысады.
Әкімшілік іс ақылға қонымды, бірақ талап қойылған күннен бастап үш айдан аспайтын мерзімдерде қаралады және шешіледі. Аса күрделі әкімшілік істер бойынша бұл мерзім соттың уәжді ұйғарымымен ақылға қонымды, бірақ үш айдан аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін. Сот талқылауының мерзімін ұзарту туралы ұйғарым прокурордың өтінішхаты бойынша шағым жасауға, қайта қарауға жатпайды.
Әкімшілік іс бойынша сот жарыссөздерінен кейін сот шешім шығаруға кетеді. Сот шешімнің қарар бөлігін сот отырысының залында жария етеді. Сот шешімінің қарар бөлігі жария етілгеннен кейін төрағалық етуші оны қабылдаудың құқықтық негіздері мен салдарын, шешімге шағым жасаудың тәртібі мен мерзімдерін түсіндіреді, шешімнің түпкілікті нысанда жасалған және әкімшілік іске қатысушы адамдар оның көшірмесін ала алатын күн туралы хабарлайды. Әкімшілік іске қатысушы адамдар келмеген жағдайда шешімді сот отырысында жариялану жүргізілмейді.
Заңды күшіне енген соттың шешімі тиісті мемлекеттік органға, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органына, кәсіпорынға, ұйымға, сайлау комиссиясының төрағасына жіберіледі. Сот шешімінің орындалмауына кінәлі лауазымды адамдар заңда белгіленген жауаптылықта болады.
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының бас маман-сот отырысының хатшысы А.Муратова
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!