Қызылордалық шахматшы қыз Әсел Серікбай Польшада өткен әлем біріншілігінде үздік өнер көрсетті. Әлемнің мықты спортшылары бас қосқан байрақты бәсекеде жерлесіміз әйелдер арасында бесінші орыннан көрініп, үздіктер қатарына ілінді. Бұл қуанышты хабарды Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында шахматтан Қызылорда облысының аға жаттықтырушы Риза Қошқарова хабарлады.

– Әлемнің мықты шахматшылары жиналған Польша астанасына жаһанның 50 елінен 200-ге жуық спортшы қатысты. Жүлде қоры 1 миллион долларды құрайтын жарысқа әйелдер арасындағы бәсекеде сынға түскен 19 жастағы жерлесіміз Әсел Серікбай қоссайыстың қорытындысы бойынша бесінші орыннан көрініп, ел мерейін үстем етті.Жарыс жоғары деңгейде өтті. Александра Горячкина, Екатерина Логно сияқты әлемдегі мықты әйелдермен шахмат тақтасында кездестік. Бірін ұтсам, бірімен тең түстім. Мен үшін оларды жеңуден гөрі, тәжірибе жинақтағаным зор мақтаныш. Ең қиын ойын Александра Костенюкпен болды. Тең түстік, – деді Әсел Серікбай.

Жалпы, бұл чемпионатта түрлі секциялар бойынша ойын өткізілді. Ерлер арасында бақ сынаған 15 жастағы өзбек спортшысы Нодирбек Абдусатторов, әлемнің 16 дүркін чемпионы Магнус Карлсенді жеңіп, есімін шахмат тарихына алтын әріппен жаздыртты. Сондай-ақ әйелдер арасында қазақстандық Бибісара Асаубаева да көпшілік назарында қалды. 17 жастағы тараздық шахматшы Нану Дзагнидзені тізе бүктіріп, жарыс жеңімпазы атанды.

Риза Қошқарованың айтуынша, шахмат тақтасының сиқыршыларымен бәсекеге бірге түсіп, тәжірибе жинақтаған Әсел, біз үшін әрдайым бірінші орында. Ол біздің мақтанышымыз. Алдағы уақытта бұданда жоғары нәтиже көрсетіп, биіктен көрінетініне сенім мол.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!