Жазда тұрғындардың су жағасында демалуға деген қызығушылығы артады. Осыған байланысты су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету және тұрғындардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру мақсатында БАҚ өкілдеріне арнайы жиын ұйымдастырылды.  

 Іс-шара барысында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Мамандар су айдындарында қауіпсіздік ережелерін сақтау мәселесіне ерекше тоқталып, азаматтарды тек рұқсат етілген орындарда шомылуға шақырды. Сондай-ақ балаларды су жағасында қараусыз қалдырмау, қауіпсіздік белгілеріне назар аудару және мас күйінде суға түспеу қажет екені түсіндірілді.  

Су айдындарындағы қауіпсіздік – ортақ жауапкершілік

  Сондай-ақ жағажайдың жауапты маманы Фарида Искакова құтқару қызметінің дайындығын көрсетіп, төтенше жағдай кезінде қолданылатын арнайы техникалар мен құрал-жабдықтарды таныстырды. Құтқарушылар судағы оқыс оқиғалардың алдын алу үшін күнделікті профилактикалық жұмыстар жүргізіп, халық арасында түсіндіру шаралары тұрақты түрде ұйымдастырылатынын атап өтті.

 Төтенше жағдайлар басқармасының аға инженері Елдар Есенгелдиев қала аумағында суға түсуге рұқсат етілген екі коммуналдық жағажай бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, Қызылорда қаласында қауіпті деп танылған 16 су айдыны учаскесі бақылауға алынған. Аталған орындарда күн сайын рейдтік жұмыстар жүргізіліп, құтқарушылар мен жауапты мамандар кезекшілік атқарады. Сондай-ақ маман тұрғындарды рұқсат етілмеген жерлерде суға түспеуге шақырып, қауіпсіздік талаптарын бұзған жағдайда әкімшілік жауапкершілік қарастырылатынын ескертті. Әсіресе жазғы демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлу қажет екенін айтып, ата-аналарды балаларын қараусыз қалдырмауға үндеді.

 Аға инженердің сөзінше, құқық бұзушылықтардың көбі жасөспірімдер арасында кездеседі. Сондықтан түсіндіру жұмыстары мен профилактикалық рейдтер тұрақты түрде жүргізілуде. Қазіргі таңда қала аумағында судағы қауіпсіздікке қатысты төтенше жағдайлар тіркелмеген.

  Ұйымдастырылған жиынның басты мақсаты – тұрғындардың назарын су айдындарындағы қауіпсіздік мәселесіне аударып, жазатайым оқиғалардың алдын алу. Өйткені қауіпсіздік ережелерін сақтау – адам өмірін сақтаудың ең тиімді жолы. Жазғы демалыс тек жағымды әсер сыйлауы үшін әрбір тұрғын сақтық шараларын ұмытпауы қажет.

                                                                                                                                                Мансұр ОРАЗ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!