Бүгін 4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күні. Айтулы датаға орай Қызылорда қаласында мемлекеттік рәміздер аллеясында «Рәміздер рухы – Конституцияның күші» атты жалпыхалықтық патриоттық акция өтті.

Мерекелік іс-шараның ашылу салтанатында Мемлекеттік Әнұран орындалып, салтанатты көк Ту көтерілді. Жиналған қауым бір кісідей қолдарын жүрек тұсына қойып, Әнұранды асқақтата шырқады. Бұл сәтте алаңда ерекше патриоттық  рух пен толқыныс сезілді.

Алаңға жиналған халықтың қарасы қалың. Олардың қолдарындағы кішігірім Мемлекеттік Тулар мен салтанатты киімдері алаңға ерекше көрініс беріп тұрды.

Рәміздер аллеясында рух асқақтады

Салтанатты жиында аймақ басшысы Мұрат Ергешбаев сөз сөйлеп, тұрғындарды айтулы мерекемен құттықтады.

− Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев: Ұлт рәміздері −  тәуелсіздігіміздің киелі бойтұмары. Елтаңба, Ту және Әнұран мызғымас мемлекетіміздің белгісі. Қастерлі нышандарымыз Қазақстанның егемен ел, еңселі жұрт екенімізді жер жүзінде әйгілейді. Байрағы биік елдің рухы асқақ болады деген болатын.

Біздің мемлекеттік нышандарымыз Қазақстанды күллі әлемге бейбітшілік пен татулықтың символы ретінде дәріптеуде. Көк туымыз халықаралық ареналарда, әлемдегі алпауыт ұйымдардың төрінде Тәуелсіз Қазақстанның атын танытты. Айбынымызды асырған Мемлекеттік рәміздерді құрметтеп ұлықтау, келер ұрпаққа аманат ету – біздің азаматтық парызымыз. Баршаңызды Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күнімен құттықтаймын! Тәуелсіздігіміздің тұмарына айналған мемлекеттік нышандарымыз болашаққа бастаған ұлы көшімізді демеп, игі істеріміздің ұйытқысы бола берсін! Бірлігіміз жарасып, жарқын болашаққа басқан әр қадамымыз нық, ел іргесі берік болсын! − деді облыс әкімі.

Рәміздер еліміздің тұтастығын бейнелейтін басты нышан. Әнұранымызды ардақтау – әрбір азаматтың, әсіресе өскелең ұрпақтың борышы. Мемлекеттік рәміздер – біздің егемендігіміздің, тәуелсіздігіміз бен бірлігіміздің басты символы.

Рәміздер аллеясында рух асқақтады

Елтаңба – тәуелсіздіктің айрықша нышаны. Сол қасиетті рәмізді жасаған тұлғалардың қатарында Сыр елінің тумасы Жандарбек Мәлібеков, сондай-ақ Тудың авторы Шәкен Ниязбеков пен Әнұранның авторлары Шәмші Қалдаяқов, Жұмекен Нәжімеденовтің есімдері ерекше аталады. Олардың әрқайсысы қазақ елінің болмысын, рухын және тәуелсіздік идеясын бейнелейтін құндылықтарды айшықтап, ұлттық рәміздердің қалыптасуына үлкен үлес қосты.

Рәміздер күніне арналған акция ипподромда жалғасты. Ал төтенше жағдайлар қызметкерлері Сырдария өзенінде Мемлекеттік Туды қайықпен алып өтті.

                                                                                                               

Нұрсұлтан БАЙНАШ,  Бексұлтан АКБИСЕНОВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!