Бүгінде бір кесе шайға салынатын қарапайым қанттың адамзат тарихында ерекше орын алғанын көпшілік біле бермейді. Қазір әр дастарқаннан табылатын бұл өнім бір кездері аса бағалы тауар саналып, тек ауқатты адамдардың қолы жететін байлық белгісі болған. Тіпті кей елдерде қантты «ақ алтын» деп атап, арнайы құлыпталған жәшіктерде сақтаған.

          Қанттың тарихы екі мың жылдан астам уақыт бұрын басталады. Алғашқы деректер Үндістанда қант құрағынан тәтті кристалл алу тәсілі қолданылғанын көрсетеді. Кейін бұл өнер Азиядан Таяу Шығысқа, одан әрі Еуропаға тараған. Қанттың әлемге таралу жолы оның атауынан да байқалады. Қазіргі көптеген тілдегі сөздердің түп-төркіні ежелгі санскриттің «шаркара» сөзіне барып тіреледі.

          Ұзақ уақыт тәтті өнім сән-салтанаттың нышаны болды. Орта ғасырда Еуропада оның бағасы кейбір дәмдеуіштерден де қымбат еді. XIX ғасырда қант халықаралық сауданың маңызды тауарларының біріне айналып, көптеген мемлекеттің экономикасына ықпал етті.

          Қазіргі кезде тәтті тағам қант құрағы мен қызылшасынан өндіріледі. Әлемдік өндірістің басым бөлігін осы екі дақыл қамтамасыз етеді. Қант өндіруден Бразилия көш бастап тұр, ал Үндістан алғашқы орындардың бірін иеленеді. Миллиондаған тонна өнім жыл сайын әлемнің түкпір-түкпіріне экспортталады.

          Ғалымдардың зерттеулеріне сүйенсек, тәтті тағам тұтынғанда мида дофамин бөлініп, адамда жағымды көңіл күй қалыптасады. Сондықтан көптеген адам күйзеліс немесе шаршау кезінде тәттіге жиі әуестенеді. Сонымен қатар қант ағзаға жылдам қуат береді. Осы қасиетінің арқасында спортшылар мен белсенділер оны энергия қорын тез толықтыру үшін пайдаланады.

          Дегенмен тәтті өнімді шамадан тыс қолданудың кері әсері де бар. Мамандар артық мөлшердегі қанттың семіздік, 2-типті қант диабеті және жүрек-қан тамырлары ауруларының қаупін арттыруы мүмкін екенін айтады. Сондай-ақ қант ауыз қуысындағы бактериялармен әрекеттесіп, тіс эмалінің бұзылуына себеп болады. Сол себепті дәрігерлер тәтті тағамды мөлшермен тұтынуға кеңес береді.

          Қант тек тәттінің құрамында ғана кездеспейді. Ол тұздықтарға, маринадтарға және түрлі тағамға қосылып, дәм үйлесімін жақсартады. Сонымен бірге оның консервілеу қасиеті бар. Тосаптың ұзақ сақталуы да осы ерекшелікпен байланысты.

          Табиғатта қанттың бірнеше түрі кездеседі. Глюкоза, фруктоза және лактоза ағзада әртүрлі қызмет атқарады. Ал күнделікті өмірде ең жиі қолданылатыны – сахароза. Ақ және қоңыр қанттың сыртқы түрі өзгеше болғанымен, олардың энергетикалық құндылығы бір-біріне жақын.

          Қорытындылай келе, қант – ғасырлар бойы адамзат өркениетімен бірге дамып келе жатқан ерекше өнім. Ол тарихта байлықтың белгісі болса, бүгінгі күні күнделікті тұрмыстың ажырамас бөлігіне айналды. Алайда оның пайдасын көру үшін ең маңызды қағида – мөлшерді сақтау.

Ақнұр АРЫСБАЙ,

Гүлсанам МҰРАТБЕК,

Қорқыт ата атындағы

Қызылорда университетінің студенттері

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!