Ағылшын тілін үйрену – заман талабы. Оны үйренудің әдіс-тәсілі көп, бастысы мақсат пен ниет болуы керек.

Ал ағылшын тілінде бекіту керек басты ереже: шақ пен сөздік қор. 12 шақты орынды қолдансаңыз және сөздік қорыңызда сөз көп болса, сіз еркін сөйлей аласыз.

Біз ұсынған кеңестер сөздік қорды көбейтуге арналады. Кей кеңестерді басқа да шет тілдерін меңгеру кезінде қолданып көріңіз.

1) Балаларға арналған ағылшын тіліндегі кітаптар өзге әдеби шығармаларға қарағанда әлдеқайда жеңілірек. Тіл жаттықтыруға таптырмас көмекші. Демек, ертегілерден бастап көріңіз. Ағылшын тілінде (субтитр да ағылшынша болуы керек) мультсериалдар да пайдалы.

2) Түбірлес сөздерді қатар жаттаған тиімдірек. Сөйлем ішінде сөздің мағынасын түсінуге көмектеседі. Мысалы, scrib (жазушы) = write (жазу), min (минималды) = small (кішкентай).
3) Жаңа сөз жаттағанда сол сөздің басқа формаларын да қатар қарау керек. Мысалы, Beautiful (сын есім), beauty (зат есім), beautifully (үстеу).

4) Префикс (сөз алды қосымшасы) пен жұрнақтарды естен шығармау керек: ағылшын тілінде жаңа сөз жасаушылар (dis-, un-, re-, -ly, -ment, -ful) арқылы сөздік қор көбейеді.

5) Үйде, көлікте ағылшын тіліндегі радио, аудио хабарларды қосып қойған жөн. Сөздердің дыбысталуын құлаққа үйрете берген дұрыс.

6) Бір заттың америкалық ағылшын мен британдық ағылшын тілдеріндегі аталуына аса мән беріңіз. Ара жігін ажырата алсаңыз, сөздік қорды көбейтуге жақсы ықпал етеді. Мәселен, британдық lift сөзі АҚШ-та elevator деп аталады.

7) Ағылшын тілінде бұрыс етістіктер де өте көп. 3 формамен қатар жаттасаңыз, сөздік қор көбейеді. Мысалы, begin – began – begun

8) Идиомаларды есте сақтау өте қиын, бірақ мағынасы мен қолдану орнын білсеңіз, ауызекі ағылшыныңызды көркемдей түседі.

9) Егер ағылшын тіліндегі белгілі бір сөздің дыбысталуы күдік тудырса, YouGlish онлайн платформасының көмегімен анығын біле аласыз. Іздеген сөзіңіздің Youtube-тегі видеоларда қалай дыбысталғанын көре аласыз. Әсіресе, дау тудыратын брэнд атауларын YouGlish-тен тыңдай аласыз.

10) Ағылшын тіліндегі екпінді есте сақтау. Егер сөзде бір-ақ дауысты болса, екпін сол дыбыста ғана болады. 2 буынды етістікте екпін екінші буынға (beGIN) түседі. Ал 2 буынды зат есімде (TEAcher) және сын есімде (HAPpy) бірінші буынға түседі.

Массагет.кз

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!