Өңірге соңғы бір аптаның көлемінде алты миллион жұмыртқа жеткізіліп, сауда орындарына таратылды. Тапшылықты болдырмау мақсатында қосымша тағы екі миллион дана әкелінеді. Бүгін 600 мың данасы келеді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен брифингте облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Шахмардан Қойшыбаев мәлімдеді.
– Аймақта жұмыртқа ірі сауда орындарының әлеуметтік бұрышында 31 теңгеден, ал қалған дүкендерде категориясына қарай 42-49 теңгеден сатылуда. Облыста жұмыртқаға тапшылық жоқ. Сондай-ақ, қант, құс етінің бағасы төмендеді. Бүгінде тұрақтандыру қорында 2,4 мың тонна өнім сақталып, сатылуда. Бұған қоса, 23 тонна өсімдік майы және 300 тонна картоп сатып алу үшін жұмыстар жүргізілуде, – деді Шахмардан Сұлтанбекұлы.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!