Апостиль – құжаттамаға қол қойған адамның қолын және оның өкiлеттiктерiн, сондай-ақ осы құжат бекiтiлген мөрдiң немесе мөртаңбаның түпнұсқалылығын растайтын арнайы мөртаңба. Сондай-ақ, заңдастырудың осындай нысанын танитын елдер аумағында ұсынуға арналған құжаттың заңдылығы туралы ақпаратты толтырудың халықаралық стандартталған нысаны. «Апостиль» мөрі құжаттардың түпнұсқалары мен көшірмелеріне қойылады және 1961 жылғы 5 қазандағы Гаага конвенциясына қосылған, консулдық заңдастыру талаптарының күшін жоятын және жеңілдетілген заңдастыру рәсімін енгізетін елдерге құжаттар жолдау кезінде қолданылады.
Апостильденген құжат аттестациялауды немесе заңдастыруды талап етпейді және оны Конвенцияға қатысушы барлық мемлекеттің ресми органдары мойындайды.
Сондай-ақ, сот шешімдерін орындау әрі сот тапсырмаларын басқа елге жолдау кезінде, сол елмен Қазақстан арасында ешқандай келісім болмаса, ол ел Гаага конвенциясының қатысушысы болмаған жағдайда соттың құжаттарына апостиль қойылуы қажет.
Азаматтар соттардан шығатын ресми құжаттарға апостиль қою туралы өтініштерді Жоғарғы Соттың интернет-ресурсында «Апостилдеу» функционалындағы «Сот кабинеті» сервисі арқылы беру мүмкіндіктері бар. Құжаттарға апостиль қою үшін еліміздің кез келген өңірінен тікелей сотқа жүгініп немесе сол өңірдің халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы жүзеге асырады.
Мемлекеттік корпорация арқылы жүгінген кезде апостиль қою туралы өтініш, жеке басын куәландыратын (сәйкестендіру үшін), апостиль қойылуға тиісті құжат, мемлекеттік баждың бюджетке төленгенін растайтын құжат, көрсетілетін қызметті алушының өкілі жүгінген жағдайда, нотариатта куәландырылған сенімхат, басқа мемлекеттік органдар берген құжаттардың қолтаңба мен мөр таңбасының үлгісі қажет.
1961 жылғы Гаага конвенциясына сәйкес қабырғалары апостиль 9 см кем емес шаршы нысанына ие және Конвенцияға қоса берілген үлгіге сәйкес келуі тиіс.
Апостиль қоюдан бас тартылса, себептері жазбаша түрде көрсетіле отырып, негізделген бас тарту беріледі.

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының бас маман-сот отырысының хатшысы Н.Бисембаева

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!