Үкімет басшысы Асқар Мамин аз қамтылған отбасылардан шыққан жастардың жоғары білімге қолжетімділігі мәселесіне қатысты сенатордың сауалына жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, биыл қазан айында сенатор Ақылбек Күрішбаев өзінің депутаттық сауалында ауыл жастарының жоғары білімге қол жеткізу проблемасын айтты.

Премьер-Министрдің аталған сауалға берген жауабында ауыл шаруашылығы саласында кадрлар даярлауды республиканың 25 жоғары оқу орны және ауылдық жерлерде орналасқан 169 техникалық әрі кәсіптік білім беру (ТжКБ) ұйымдары жүзеге асыратыны айтылған.

Ауыл шаруашылығы бағытындағы («Ауыл шаруашылығы», «Ветеринария») білім беру бағдарламалары бойынша ЖОО-ларда 8 мыңнан астам студент оқиды, оның ішінде 7 мыңнан астам адам мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алуда. ТжКБ ұйымдарында 38 мың адам оқиды, оның ішінде 35,9 мың адам, яғни 94%-ы мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алуда. Ауыл шаруашылығы бағытында мамандарды даярлау үшін мемлекеттік тапсырысы жыл сайын бөлінеді. 2021 жылы «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар», «Ветеринария» мамандықтарына 2920 грант бөлінді (2020 жылы – 2720 грант, 2019 жылы – 2482 грант).

«Бұл ретте, көрсетілген мамандықтар бойынша гранттар толық көлемде игерілмейді. Атап айтқанда, 2019-2021 жылдары көрсетілген бағыттар бойынша игерілмеген білім беру гранттарының саны 3778-ді құрады. «Мәңгілік ел жастары – Индустрияға!» («Серпін») жобасы бойынша 2021 жылы бөлінген 5656 гранттың 2102-і (37%), 2020 жылы бөлінген 5107 гранттың 979-ы (19%) ғана игерілді. Сонымен қатар, өңірлер әкімдіктері, оқу орындарының қабылдау комиссиялары азаматтарды ЖОО мен ТжКБ ұйымдарында оқуға тарту бойынша үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді. Оның үстіне, 2017 жылдан бастап заңнамалық тұрғыда жергілікті атқарушы органдар гранттар бөліп келеді. Көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан, оның ішінде ауылдан шыққан балаларды қолдау мақсатында жергілікті атқарушы органдар 2017 – 2021 жылдар аралығында 8 мыңнан астам грант бөлді», – делінген Үкімет басшысының жауабында.

Оның айтуынша, қолданыстағы заңнама аясында ауыл жастары арасынан шыққан азаматтар үшін ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуын айқындайтын мамандықтарға ЖОО және ТжКБ ұйымдарында оқу үшін бекітілген мемлекеттік тапсырысының 30%-ы мөлшерінде квота көзделген (2012 жылғы 28 ақпандағы № 264 ҚРҮҚ). 2021 жылы ЖОО-да оқу үшін ауылдық квота бойынша (педагогикалық ғылымдар, әлеуметтік ғылымдар, журналистика, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, медицина, инженерлік ғылымдар, ауыл шаруашылығы және биоресурстар, бизнес және басқару, қызмет көрсету)16 мыңнан астам грант бөлініп, игерілді.

«Сондай-ақ, ауыл жастарын қолдауға бағытталған «Серпін» жобасы бойынша мемлекеттік тапсырыстың жалпы көлемінен 10% квота қарастырылған. Үкімет аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды қолдау бойынша бірқатар шараларды іске асыруда. Мәселен, 2021 жылы «Білім туралы» Заңына ЖОО және ТжКБ ұйымдарына оқуға түсу кезінде төрт және одан да көп кәмелетке толмаған бала тәрбиеленетін отбасылардан шыққан балалар үшін 5% көлемінде, кемінде үш жыл толық емес отбасы мәртебесі бар отбасылардағы балалар үшін – 1%, бала кезінен мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан балалар, І/ІІ топтағы мүгедектер үшін – 1% көлемінде жаңа қабылдау квоталарын көздейтін норма енгізілген», – деді А. Мамин.

Бұдан басқа, жеке квота бойынша жетім балалар (1%), I/II топтағы мүгедектер, бала кезінен мүгедектер (1%), жеңілдіктер бойынша Екінші дүниежүзілік соғысының ардагерлеріне теңестірілген адамдар (0,5%) және диаспора өкілдері отбасыларының балаларына (4%) қабылданады.

Осылайша, мемлекеттік тапсырысының жалпы көлемінің 53,5%-дан астамы халықтың әлеуметтік осал топтары мен ауыл жастары арасынан шыққан азаматтарды қолдау үшін квоталанады.

«Квоталанатын орындар көлемінің одан әрі ұлғаюы басқа азаматтардың жоғары білім алуға қолжетімділігін едәуір шектейді және талантты жастардың шетелге кетуіне әкеп соғуы мүмкін», – дейді Премьер-Министр.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!