Маңғыстау облысының әкімдігі Жаңаөзендегі жертөлесін су басқан мектепке қатысты түсінік берді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Telegram-дағы «Чиновник» арнасында Жаңаөзендегі апатты білім ордасында түсірілген видео жарияланды.

Мәссаған! Бағана отырып қалған… Ертең бала өлсе, кім жауап береді?, – деді тұрғындар.

«Бұл – қаладағы №21 мектеп. 3 мың оқушы білім алатын нысан құлауы мүмкін. Блогер Азамат Сәрсенбаевтың айтуынша, бағана шығып кеткен. Кез келген уақытта қайғылы уақиға болуы ықтимал. Шенеуніктер, қайдасыңдар?», – деп жазылған Telegram-дағы хабарламада.

Бұл жағдайға қатысты Маңғыстау облысының әкімдігі түсінік берді.

№21 мектеп Жаңаөзенге қарасты Кендірлі ауылында орналасқан. Білім ордасы 1200 орынға шақталған. Нысан 2011 жылы пайдалануға берілді. Биыл нөсер жауын салдарынан мектептің жертөлесін су басты. Қазір жертөледе құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Мектептің тірек конструкциясы қанағаттанарлық жағдайда болғандықтан ондағы қызметкерлер мен оқушылардың өміріне төнген қауіп жоқ, – деп жазылған хабарламада.

Айта кетейік, өңірде үш ауысымда білім беретін 18 мектеп бар.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!