Баланы ұрып-соғу, мектепке жібермеу, қайыр сұрату ата-ана құқығынан айыруға себеп болады

ҚР Бас прокуратурасы азаматтардың қандай жағдайда ата-ана құқығынан айырылатынын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ведомство мәліметінше, оған мынадай жағдайлар себеп болуы мүмкін:

  • ата-ана міндетін орындаудан жалтарса, оның ішінде алимент төлеуден қасақана жалтарса;
  • дəлелді себепсіз өз баласын перзентханадан, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдардан алып кетуден бас тартса;
  • өздерінің ата-аналық құқығын теріс пайдаланса (мысалы, баланы оқытуға қасақана кедергі келтірсе, балаларын қайыр сұрауға немесе ұрлыққа баулыса, баланы жезөкшелікпен айналысуға итермелесе, спирттік ішімдік немесе есірткі тұтынуға тартса);
  • балаларына қатал қараса, оларға физикалық немесе психикалық зорлық-зомбылық көрсетсе, оны жыныстық қылмысқа итермелесе;
  • спирттік ішімдік немесе есірткі құралдарын, психотроптық заттарды жəне соның аналогтарын пайдаланса.
    Ата-ана өз баласының, жұбайының немесе отбасының басқа мүшелерінің өміріне немесе денсаулығына қасақана қылмыстық құқық бұзушылық жасаған кезде ата-ана құқығынан айырылады.
    «Ата-ана құқығынан айыру сот тəртібінде, прокурордың жəне қорғаншылық немесе қамқоршылық қызметімен айналысатын мекеменің қатысуымен жүргізіледі» деп мәлім етті Бас прокуратурадан.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!