Тәуелсіздік жылдарында еліміз қиын кезеңдерді бастан кешірді. Бұл жолда талай тарланның тақымындағы тер кеппеді. Ұлт-азаттық көтерілістер, Ұлы отан соғысы мен Желтоқсан оқиғасы, жан қияр ерлік тарих қойнауында сақтаулы. «Қашан егемен ел боламыз?» деген бір кездегі мазалы сұрақ  бүгін біздің бақытымызға айналды.

Тәуелсіздік үшін ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен елін қорғаған бабалар рухынан қуат алған ызғарлы Желтоқсан оқиғасы да кім кімді болмасын селт еткізбей қоймады. «Тәуелсіздік алдық, енді оны қалай сақтап қаламыз?» деген сауал көптің көкейін күпті еткен тағдырлы уақыт та болды. Ата-аналарымыз ол кезеңнің өтпелі болғанын, айлап-жылдап жалақы алмай, зейнетақыларына жете алмай зарыққан жандар жайлы күрсіне айтып отырады. Олар қиналды, бірақ, шыдады. Қиын күннің желдей есіп өтеріне сенгендіктен. Осыған қарап-ақ, қазақ деген елдің ежелден бергі арманы – азаттық екенін байқауға болады. Сол азаттық қаншама ғасырлар бойы қиын-қыстау кезеңдерден сүрінбей өткен қазақтың пешенесіне бұйырыпты. Өзгелермен иық тірестіріп тұрып, тәуелсіздік алдық. Тәубе.

Табалдырығымыздан аттаған биылғы жылда Тәуелсіз ел атанғанымызға 30 жыл толып отыр. Азаттығымыздың айшықты белесіне шыққанда әрбір азаматты «Отыз жылда біз қандай жетістіктерге жеттік?», «Мемлекеттігімізді нығайта түсу үшін тағы не істейміз?» деген сауал толғандырары анық. Осы тұрғыдан алғанда, бұл – арман-мақсаттарымызды тоғыстырып, болашаққа тың серпінмен қадам басу үшін өткенге тағы бір мәрте оралатын, жетістіктеріміз бен кемшіліктерімізді ой елегінен өткізетін маңызды мезет. Тәуелсіздікті алу бар, бірақ оны қорғап қалу, баянды ету оңай емес. Бақыт деген – егемен ел болу дер едім.

«Азаттық пен тыныштық, көксегенім» деп Абай атамыз жырлағандай, қазіргі қазақ қоғамына ең қажет дүние де – бейбіт өмір мен тату тірлік. Сондықтан әрбір азамат осы екеуінің қадірін біліп, соның қамын жемек керек. Өйткені, біз бақытты ұрпақпыз, алдағы жарқын болашақ та біздің қолда.

Диляра ҚАЛДЫБЕК,

Қорқыт Ата атындағы

 Қызылорда университеті

Журналистика мамандығының 2-курс студенті

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!