Тамшыдан теңіз құралғандай, ел болып мұқтаж жанға көмектесу арқылы халық бір-бірін демеп келеді. Сүрінгенге сүйеу болып, әртүрлі бағытта бұқара көмектесуде. Аймағымызда әлеуметтік аз қамтылған, осал топтарға, ерекше жандарға, қарттарға, көпбалалы отбасыларға қайырылымдық қорлар қол ұшын созуда. Бүгін 5 қыркүйек – халықаралық қайырылымдылық күні. Осы орайда, Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында облыстың үздік қайырымдылық қорлары игі істерімен бөлісті.

Бірнеше жылдан бері қайырылымдық іспен айналысып келеміз. Өзіміздің жылдағы дәстүрлі іс-шаралардан бөлек, бірнеше жобаларды қолға алдық. Жақында ғана «Мектепке жол» акциясы аясында 2 мың балаға сөмке таратылды. Одан бөлек, 50-ге жуық бала киіммен қамтамасыз етілсе, 30 балаға қаржылай қолдау көрсетілді. Сондай-ақ, кәсіпкерлердің демеушілігімен әлеуметтік осал топтарды баспанамен қамтамасыз етуді көздеп отырмыз. Жетімді жылатпаған қазақпыз ғой. Оларды да ешқашан назардан тыс қалдырмаймыз. Бұған қоса, білімге құштар балаларды демеп, ағылшын тілінен тегін курстар сыйладық. Әрі қарай да шама-шарқымыз келгенше қолдау көрсетуден шаршамаймыз, – деді ҚМДБ-ның «Зекет және қайырымдылық» қорының Қызылорда облысы бойынша өкілі Оңталап Тасболатұлы.

Біз бұған дейін аз қамтылған отбасыларды әлеуметтік жағынан қолдау көрсетіп келдік. Қазіргі таңда, «Кемел болашақ» мақсатында көпбалалы отбасыдан шыққан балалардың тегін білім алуына мүмкіндіктер қарастырып жатырмыз. Елдің болашағына көңіл бөлгенді дұрыс деп санаймыз. Бұл тек баланың болашағына ғана емес, ата-аналарға да үлкен қолдау болары сөзсіз. Себебі көпбаланы асырап отырғандардың үйден гөрі түзде тіршілігі көп. Сондықтан мұндай көмектің бар қазаққа берері мол деп есептейміз. Ең алдымен, 3 оқушыны тегін ҰБТ-ға дайындап бастадық. Оның екеуі мемлекеттік грантты иеленді. Биыл 23 баланы дайындап, оның 22-сі жоғары оқу орынға тегін түсті. Мұның барлығы көпбалалы отбасынан шыққан оқушылар. Міне, бұл оқушылар болашақта еліне қамқор болатын азамат болатынына сенеміз. Алдағы уақытта оқушылардың санын 80-ге көбейту жоспарда бар. Әрине, кәсіпкерлер бұл бағытта қолдау көрсете бермейді. Себебі нәтижесі бірден келмейді. Білімге қайырымдылық жасаған дұрыс, – деді «Ел-арай» қоғамдық қорының жетекшісі Асхат Нұралыұлы

@Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!