Ақтау қалалық сотында Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 361-бабының 4-бөлігінің 3-тармағымен Руслан Бектубаевқа қатысты қылмыстық іс қаралды.

«Сотталушы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Маңғыстау облысы бойынша филиалының директоры бола тұра, өзінің басқарушылық өкілеттіктерін қасақана пайдаланып, көп жылғы әріптесі – «Мед» ЖШС директорымен достық қарым-қатынасының жетегінде кетіп, материалдық пайда алу мақсатында үшінші тұлғаның қор мүлкіне қарсы заңсыз әрекеттер жасауға жәрдемдесуге келісімін берді», – деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.

Қордың бұрынғы басшысы «Мед» ЖШС директорының өндірістік базада медициналық қызмет көрсетпейтінін біле тұра, серіктесінің қызметіне қатысты мәселелерді шешуге қолдау көрсетті.

Бектубаев пен «Мед» ЖШС директорының арасында 2021 жылғы 16 қаңтарда Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жүйесінде медициналық қызметтерді сатып алуға жалған шарттар жасалған.

Сотталушының қылмыстық әрекеттерімен 2020-2022 жылдар аралығында мемлекетке 28 574 478 теңге залал келтірілген.

«Сотталушы өз кінәсін толық мойындап, жасаған қылмысына шын жүректен өкініп, келтірілген залал толығымен өтелді. Мемлекеттік айыптаушы үш жыл алты ай мерзімге бас бостандығын шектеуді сұрады», – делінген сот хабарламасында.

Сот сотталушының қылмыстық жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін мән-жайлар ретінде материалдық залалды ерікті түрде өтеуді, шын өкінуін, жасы ұлғайғанын ескерді. Қылмыстық жауаптылықты немесе жазаны ауырлататын мән-жайлар болған жоқ.

«Ағымдағы жылдың 1 маусымындағы сот үкімімен Бектубаев Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 361-бабының 4-бөлігінің 3-тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.

Ол мемлекеттік қызметте, судьяларда, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде және оның ведомстволарында, қаржы қызметін реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органда, нарық және қаржы ұйымдары, мемлекеттік ұйымдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінде  лауазымды қызмет атқаруға өмір бойына тыйым салумен үш жарым жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды», – делінген хабарламада.

Күдікті «Мед» ЖШС директорына қатысты қылмыстық қудалау жәбірленушімен татуласуы және келтірілген зиянды өтеуі негізінде тоқтатылды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!