Әр ауданның өзіндік ерекшелігіне сәйкес тіректі салаларды дамыту, инвестиция негізінде жаңа жобаларды жүзеге асыру тұрғындардың табысын арттыруға жол ашады.

Бұл ретте облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қала мен аудандардың дамуына жеке-жеке талдау жүргізілетінін айтқан еді. Күні кеше Сырдария мен Қармақшы ауданының негізгі даму динамикасын саралаған аймақ басшысы бүгін Жалағаш ауданы әкімі Асқарбек Есжановтың есебін тыңдады.


Жиынға облыстық, аудандық мәслихат депутаттары, ардагерлер мен қоғамдық кеңес төрағалары, салалық басқарма басшылары қатысты.

Ауданның тынысы 4 негізгі бағыт бойынша тарқатылды. Әр бағыт бойынша сала басшыларына сөз берілді. Аймақ басшысы халық табысын еселеудің төте жолы кәсіпкерлік саласын дамыту екенін тілге тиек етті. Бұл ретте жұмыста ілгерілеу болғанымен, өнімділік мәселесінде әлі де жұмыс сылбыр екенін ашып айтты.


«Мен үнемі шағын және орта бизнесті дамыту арқылы салықтық түсімдерді арттыру, тұрақты жұмыс орындарын ашу, экономиканы әртараптандыру арқылы халықтың әл-ауқатын жақсарту бағытында шараларды қабылдау қажеттігін айтып келемін.
Бүгінгі таңда ауданда 2571 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелсе, оның 92,5 пайызы нақты жұмыс жасайды. 6 ай қорытындысымен жұмыс жасап тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 6,6 пайызға артып, 2379 бірлікке жеткен. Бұл әрине жаман көрсеткіш емес. Ілгерілеу бар. Дегенмен, қолда бар резервтерді барынша пайдалану қажет. Кәсіпкерлік саласында өндірілген өнім көлемі 8,5 пайызға азайған. Сонымен бірге, Индустрияландыру бағдарламасының үш бесжылдығы аясында аудан бойынша жоспарланған 5 жобаның 2-і ғана іске қосылып, Жалағаш жобалар аз қамтылған аудандар қатарынан көрінді» – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Жалағаш ауданының облыс орталығына жақын орналасуы бау-бақша және фермерлік кәсіпті дамытуға мүмкіндік береді. Дегенмен, қазіргі жағдайда бағаны тұрақтандыру жұмыстары мардымсыз жүргізілген. Сондай-ақ, аудан әкімдігі тарапынан бүгінгі күнге дейін бірде-бір мемлекеттік бақылау шарасы жүргізілмеген.
Нұрлыбек Нәлібаев аудандағы мемлекеттік бағдарламалардың уақытында орындалуын, көгілдір отынмен қамту, тұрғындарды тұрақты жұмыс орнына орналастыру, егіншілікпен айналысам деушілерге жер телімдері табысталатынын кеңінен ақпараттандырып, келесі егін маусымына дайындықты қазірден бастауды міндеттеді. Мұнан бөлек, аймақ басшысы аудандағы тұрғын үй қорын дамыту бойынша нақты жоспар арқылы жұмыс істеуді тапсырды.

Арнайы отырыста тоқтап тұрған өндіріс орындары мәселесі де шет қалмады. Аймақ басшысы аудан әкіміне мия тамырын өңдеу зауытының жұмысын жандандыру қажет екенін қадап айтты. Ауданда іске қосылған жобалардың саны тым аз екенін ескертіп, орта жолдан тоқтап тұрған кәсіпорындарды қайта қосып, жұмысты жеделдету қажет деді.

Биыл аудан әкімдеріне балалар жылына тарту ретінде ойын алаңдарын салу міндеті тұр. Бұл бағытта Асқарбек Есжанов ауданда 7 балалар ойын алаңы салынатынын жеткізді.
Жиында мамандардың кадрлық әлеуеті мен ауданның қоғамдық-саяси аухалы да қаралды. Оның ішінде кент және ауылдық округ әкімдерінің «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңына енгізілген өзгерістерді назарға алмауы салдарынан бірқатар заң бұзушылықтарға жол берілгендігі сыналды. Бұл сөзсіз мемлекеттік сатып алу жұмыстары мардымсыз үйлестірілгендігін көрінісі.

  • Асқарбек Темірбекұлы, ауданды дамытуға, сыбайлас жемқорлық пен құқық бұзушылықтардың алдын-алу мақсатында бірінші кезекте жергілікті әкімдік жүйесіндегі қызметкерлерді өзара ауыстыру мәселесін қарастыру керек.
    Сонымен қатар, кадрлар тиімділігін арттыру мақсатында аудан әкімдіктері қызметкерлерінің еңбек өтіліне және тиімділігіне, жетістіктеріне талдау қажет. Талдау нәтижесімен қызметшілерді ротациялау бойынша ұсыныстар беріңіздер,-деді Н.Нәлібаев. Облыс әкімі аудандағы кейбір әлеуметтік нысандардың басшылық қызметінде 10-20 жылдай табан аудармастан отырған басшылардың барын жасырмады. Бұл ретте олардың жұмысына нақты талдау жүргізудің қажеттілігі туғанын жеткізді. Сондай-ақ, үлескерлер мәселесінде орнықты шешім қабылдау, белсенді азаматтармен сындарлы диалогқа түсу ісінде жұмысты ширату қажет екенін тағы бір еске салды.
    Аймақ басшысы аталған жұмыстарды іске асыру барысында облыстық және аудандық мәслихат депуттары, ардагерлер мен қоғамдық кеңес мүшелері де белсенді атсалысуы керек екендігін баса айтты.
    Жиынды қорытындылаған өңір басшысы өңірді дамытатын жоспарларды қайта саралап, кеткен кемшіліктерді уақытылы түзеу қажет екенін тағы бір еске салды. Жұмыс барысында теріс қылықтарға жол беріп, өз қызметін немқұрайлы атқарған азаматтарға қатаң шара қолдану қажет екенін тапсырды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!