Ішкі істер министрі Марат Ахметажанов ҚР Президенті телерадиокешенінің «Үш сұрақ» бағдарламасында сақшылардың арасындағы жемқорлықты жою үшін қандай шаралар қолға алынып жатқанын баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әуелі заң нормаларындағы жемқорлық тәуекелдерді жою қажет. Бүгіннің өзінде цифрлық қалтарыстар бар. Ол қалтарыстар бопсалауға, заңсыз жолмен баюға, қызмет жағдайын теріс мақсатқа пайдалануға жол ашады. Осы олқы тұстарды жапсақ, ішкі істер қызметкерлерінің санасы да өзгереді», – деді министр.

Оның пайымынша, сақшылардың қатарын жемқорлардан тазартудың бірден-бір жолы – олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту.

«Еңбекақыны көтеру бізге сақшылар сапына лайықты мамандарды іріктеуге мүмкіндік береді. Қазір біздің полиция қызметкерлері заңнан аттаса, біраз игіліктен айрылуы мүмкін. Мемлекет басшысы бірнеше рет қамқорлық танытып, еңбекақысын өсіріп жатыр. Одан бөлек, жергілікті атқарушы органдар күні-түні қоғам тәртібін күзетіп жүрген патрульдік бекеттегі қызметкерлерге қосымша сыйақылар белгілейді. Сондықтан, біздіңше, бүгінде әлеуметтік және өзге де артықшылықтар полициядағы қызметті тартымды етеді», – деді Марат Ахметжанов.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!