Қызылорда облысы Қазалы ауданында биыл жүгері жаңбырлатып суару әдісімен егілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл Сырдария өзеніндегі су тапшылығы мен қуаңшылыққа байланысты облыстағы бірқатар шаруашылықтар су үнемдеу технологиясын қолдануға көшті. Солардың бірі – Қазалы ауданындағы «РЗА» аакционерлік қоғамы. Елімізге белгілі азамат Самұрат Имандосов басшылық жасайтын компания биыл 87 гектар жерге жаңбырлатып суару арқылы сүрлемдік жүгері дақылын екті. Тың әдісті қолданысқа енгізудегі басты мақсат – соңғы үлгідегі су үнемдеу технологиясының көмегімен құнарлы мал азығын дайындау. Жобаның жалпы құны – 600 млн теңге.

Жоба аясында 2019-2020 жылдары 87 гектар аумаққа жерасты дренажды жүйесі жүргізілді. Қоршау орнатылып, сорғылар қойылды. Былтыр қажетті құрал-жабдықтар сатып алынды. Соның негізгісі – испандық компанияның жаңбырлатып суару қондырғысы. Одан бөлек, тағы бір қазалылық азамат, Әйтеке би кентінің тұрғыны Нұрлыбек Нұрқожаев өз күшімен Ғ.Мұратбаев ауылдық округінен тамшылатып суару әдісімен қарбыз бен қияр егіп, мол өнім алды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!