Қызылорда облысындағы халық саны 828 мың жетті. Оның ішінде қалалықтар 44,9%-ды, ауылдықтар 55,1%-ды құраған.

Өткен жылы туылған сәбилердің саны 23800. Туу көрсеткішінің ең жоғары көрсеткіші Қазалы ауданында, ал ең төменгі көрсеткіш Байқоңыр қаласында. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында облыстық статистика департаментінің басшысы Мәриям Баекеева мәлімдеді.

– «2000 жылдан бастап облыстағы халықтың орташа өмір сүру ұзақтығы көрсеткішінің өсу тенденциясы байқалады. Мәселен, 2000 жылы – 65,1 жас, 2010 жылы – 68,4 жас, 2020жылы – 70,15 жас. 2020 жылы облыстағы күтілетін өмір сүру ұзақтығы ерлерде – 66,31, ал әйелдерде -74,24 жасты көрсетті. Осы ретте, әйелдерде өмір сүру ұзақтығы ерлерге қарағанда жоғарғы деңгейде – 7,93 жас», – деді Мәрия Жәдігерқызы.

Сондай-ақ, өткен жылы 719,6 мың шаршы метр жаңа ғимараттар пайдалануға берілді, оның 91,9 пайызы – тұрғын үй.

Жылдар динамикасында облыстағы шағын және орта бизнес субъектілерінің саны да оң өсімге ие. Тіркелген шағын және орта бизнес субъектілерінің саны биыл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 4,2 пайызға өскен. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнестің үлесі бойынша алғашқы орынды Жаңақорған және Қазалы аудандары иеленді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!