Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Германияның халықаралық ынтымақтастық жөніндегі қоғамының «Арал өңірінің экологияға бағытталған өңірлік дамуы» жобасының өңірлік басшысы Паул Шумахермен кездесті.
«Бүгінгі кездесу екі жақты жемісті ынтымақтастықты одан әрі кеңейтіп, жақсы дәстүрге айналады деп сенемін. 2021 жылы Қазақстан Республикасының экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен GIZ (Джи ай зэт) арасында «Арал өңірінің экологияға бағытталған өңірлік дамуы» өңірлік жобасын іске асыру туралы келісімге қол қойылғаны белгілі. Экологиялық жағдайды жақсарту, сондай-ақ Арал теңізінің құрғаған табанының қазақстандық бөлігінде құмдардың қозғалуын болдырмау мақсатында донорлардың қаражаты есебінен фито-орман мелиорациялық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2030 жылға дейін Арал теңізінің құрғаған түбіне 1,1 млн. га жерге сексеуіл отырғызу жоспарлануда», – деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Жоба Қазақстан мен Өзбекстан елдеріне Арал өңірінің трансшекаралық, экологиялық, экономикалық дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, шағын және орта кәсіпкерліктің әлеуетін арттыруға, министрліктер мен мемлекеттік ведомстволар өкілдерінің ахуалдың өзгеруіне төзімді және экологиялық бағдарланған инвестициялық шешімдер қабылдауына ықпал етеді.
Паул Шумахер жұмысшы топтың Қызылорда аймағына келу мақсаты Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы трансшекаралық ынтымақтастықты дамыту, жобалық серіктестермен танысу, ынтымақтастықты одан әрі талқылау екенін атап өтіп, әрі қарай да екі жақты әріптестікті дамытуға ниетті екенін айтты.
Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі Германия қоғамы (GIZ) өз қызметін Қазақстанда 1990 жылдан бастап жүзеге асырып келеді және Германияның экономикалық ынтымақтастық және Даму Федералды министрлігінің (BMZ) тапсырмасы бойынша жұмыс істейді.
Кездесу соңында аймақ басшысы аталған жобаның шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға, ауыл шаруашылығы өнімдерін қалдықсыз өңдеуге, тауарлы балық өсіруді, экологиялық туризм мен жобаларды дамытуға жұмыс жасайтынына сенім білдіріп, қолдайтынын жеткізді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!