Осы айдың ортасынан бастап республикалық маңызы бар «Самара-Шымкент» күре жолы ақылы негіздегі жүйеге қосылады. Ақылы жол тарифі жеңіл көліктерге 1 шақырымға – 1 теңге, жүк көліктері мен автобустарға техникалық көлеміне байланысты 5 пен 25 теңге аралығында болады. Бұл туралы Қызылорда облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы хабарлап отыр

Облыс аумағындағы автомо­биль жол­дарының жалпы ұзындығы – 3 397 шақырым. Оның 1 016 шақырымы – республикалық, 557 шақырымы – облыстық, қалғаны аудандық маңызы бар автомобиль жолдары. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы бас­шы­сының орынбасары Қайрат Әб­сұл­тановтың айтуынша, 2019 жылы ел Үкіметінің қаулысымен бе­кі­тілген инфрақұрылымды да­мы­тудың «Нұрлы жол – 2020-2025» мемлекеттік бағдарла­ма­сы ая­сындағы 7 жаңа ақылы жол учас­кесіне биыл өңір аумағынан өтетін республика­лық маңызы бар 812 шақырымдық автомо­биль жолы қосылады. Онда автомобильара­лық бақылау аркалары орнатылып, жүйені пайдаланушыларға қызмет көрсететін орталықтар ашылды.

Ақылы жүйеге енгізілген автомобиль жолдарында «Ашық» жүйесі қолданылмақ. Сондай-ақ көліктердің өтуі арнайы бейнекамералар және арнайы жабдықтардың көмегімен бақылау аркаларына бекітілген.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ об­лыстық филиалы директорының орынбасары Шанжархан Мыр­забай инфрақұрылымды да­­мы­тудың «Нұрлы жол 2020-2025» мем­лекеттік бағ­дар­ламасы шең­берінде еліміздегі 11 мың ша­қырымды құрайтын автожол ақылы жүйе­ге ауысатынын атап өтті. Ақылы учаскені пай­далануға енгізу туралы бұйрыққа қол қойылған. Соған сәйкес, І тех­ни­калық санаттағы учаскелердегі «Шым­кент – Қызылорда», «Нұр-Сұлтан – Павлодар», «Шымкент – Өзбекстан шекарасы», «Щучинск – Көкшетау», «Қапшағай – Тал­дықорған», «Шымкент – Тараз», «Тараз – Қайнар» бағыттарына ақылы жүйе 15 қарашадан бастап енгізіледі.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!