Қызылорда облысында аймақтағы экономика және қаржы саласының қызметкерлеріне құрмет көрсетілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова ҚР Ұлттық валютасы – теңге күні қарсаңында аймақтағы экономика және қаржы саласының қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады.

Аймақ басшысы қаржыгерлерді Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен және сала органдарының 100 жылдық мерейтойымен құттықтап, облыстың экономикалық серпінді дамуына қосқан ерекше үлесін атап өтті.

«Мемлекеттік маңызды істердің алға басуына республика өңірлерінің, соның ішінде Қызылорда облысының қосқан үлесі зор. Бір ғасырлық кезеңде Сыр өңірінің қаржыгерлік мектебі де қалыптасты. Аймақ жұртшылығы Камал Шөкенов, Бименді Баймаханов, Құттықожа Ыдырысов сынды білікті мамандардың есімдерін жақсы біледі. Ал Сейітсұлтан Әйімбетов, Қалқазбек Әжібеков, Дайрабай Ысқақов, Мырзахмет Ауанов, Болатбек Жасақбаев, Майдан Мәселеева, Райхан Ысқақова секілді азаматтар бүгінгі күндері де қоғамдық деңгейде белсенді үлес қосуда», – деді облыс әкімі.

Шара барысында Қызылорда облысы әкімдігі мен облыстық мәслихатының бірлескен шешіміне сәйкес белгілі экономист-қаржыгер, мемлекет және қоғам қайраткері Сейітсұлтан Әйімбетовке «Қызылорда облысының құрметті азаматы» атағы берілді. С. Әйімбетов 1947 жылы 15 шілдеде Қызылорда облысы Сырдария ауданында дүниеге келген. Алғашқы еңбек жолын ҚазССР Қаржы министрлігінің бақылау-ревизиялық басқармасының бақылаушы-ревизоры ретінде бастап, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қаржылық бақылау комитетінің төрағасы, Әділет вице-министрі қызметтерін атқарған. Сондай-ақ, аймақ басшысы бірқатар сала қызметкеріне ҚР Ұлттық экономика министрлігінің «Құрмет грамоталары» мен ҚР Қаржы министрлігінің және облыс әкімінің Алғыс хаттарын табыстады. Еске салсақ, Қызылорда облысында биыл 186 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!