Ақмола облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істер департаменті Әдеп жөніндегі кеңесінде Целиноград ауданының Жарлыкөл және Приречин ауылдық округтерінің әкімдеріне қатысты тәртіптік істер қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кеңесте айтылғандай, Приречин ауылдық округінің әкімі М.Жәнділдин 2023 жылғы маусым айындағы жұмыс уақытын есепке алу табелінде Ж.Зултай есімді әлеуметтік қызметші 8 сағаттық жұмыс күнімен 2023 жылдың 14,15,16 маусым күндері табель толтырған. Ал, ол болса, сол күндері, яғни 14-24 маусым аралығында Астана қаласынан Моңғолияның Баян Өлгей аймағына пойызбен кеткен.

Дәл осыған ұқсас жағдай бойынша Жарлыкөл ауылдық окургінің әкімі М.Сағынтаевқа қатысты тәртіптік іс қаралды. Мұнда да әлеуметтік қызметші Д. Хашабай 2022 жылдың 17 маусым мен 9 шілде аралығында, сондай-ақ 2023 жылдың 10-17 ақпан аралығында Астана қаласынан Моңғолияның Баян Өлгей аймағына пойызбен кеткен. Алайда, Жарлыкөл ауылдық округінің әкімі М.Сағынтаев 2022 жылғы маусым-шілде және 2023 жылғы ақпан айларындағы жұмыс уақытын есепке алу табелінде әлеуметтік қызметшінің жұмыс орнында нақты болмаған кезеңінде 4 сағаттық жұмыс күнін көрсетті.

«Осылайша, Мемлекеттік қызмет туралы Заңның 50-бабы 1-тармағының 4) тармақшасын бұзғаны үшін Целиноград ауданының әкіміне Жарлыкөл және Приречин ауылдық округтерінің әкімдері М. Сағынтаев пен М.Жәнділдиннің «қызметіне толық сәйкес емес туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолдану ұсынылды. Қарау нәтижелері бойынша Әдеп жөніндегі кеңес тиісті ұсыныстар мен шешімдер шығарды», – деді Ақмола облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істер департаментінің баспасөз қызметінен.

Айта кетсек, бұдан бұрын Ақмола облысында әкімнің тұрғынды ұрғанын жазған едік.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!