ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ерболат Досаев Қазақстан қаржыгерлерінің IX конгресінде экономиканы қолдау бағдарламаларын іске асыру жұмыстары туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ұлттық банк экономиканың неғұрлым зардап шеккен салаларында кәсіпкерлерді қолдау мақсатында Кәсіпкерлік субъектілерін жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасын қаржыландыра бастады. Бағдарламаны іске асыру кезінде 1,5 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектілері 1,1 трлн теңге сомада қарыз алды. Көріп отырғандай, бүгінгі күні экономиканың шамамен барлық секторлары өсу аймағында тұр, осыған байланысты бағдарлама осы жылғы 31 желтоқсанға дейін аяқталады», – деді Е. Досаев.

Оның айтуынша, халықты жұмыспен қамтамасыз етіп, жұмыссыздықтың өсуіне жол бермеу мақсатында Ұлттық банк қайтарымды негізде жергілікті атқарушы органдарды қаржыландыру арқылы 900 млрд теңге болатын Жұмыспен қамтудың жол картасын іске асыруға қатысты. Бұл бағдарлама да биыл аяқталады.

«Ұзақ мерзімді тұрғын үйді кредиттеуді ынталандыру үшін басталған «Баспана хит» нарықтық ипотекалық өнімі де биыл аяқталады. Бүгінде осы бағдарламаға бөлінген 600 млрд жуық теңге толық игерілді», – деп атап өтті спикер.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмасымен Ұлттық банк 2022 жылы «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын және 7-20-25 жеңілдігі бар ипотека бағдарламасын іске асыруды жалғастырады.

«Қазіргі кезде «Қарапайым заттар экономикасы» аясында 940 млрд теңгеге қарыз берілді, «7-20-25» бағдарламасы бойынша 1 трлн теңгеден 400 млрд теңгеден астам сома бөлінді», – деді Ерболат Досаев.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!