Кез келген халықтың әдет-ғұрып, салт-дәстүрі уақыт өте жаңа кейіпке еніп, өзгеріске ұшырайтыны анық. Біріне діни наным-сенім әсер етсе, енді біріне аралас-құралас халықтардың мәдени байланысы ықпал жасайды. Нәтижесінде ел тұрмысына ең жақыны ғана екшеліп қалмақ. Қазақ халқында да заман ағымымен ұмыт болып бара жатқан ұлттық салт-дәстүрлер аз емес. Солардың бір парасын санамалап көрелік.

Ақсарбас атау. Қауіп-қатерге ұшырағанында «А, Құдайым оңдасын! Мені осы қиындықтан құтқара гөр! Ақсарбас!» деп құдайы атайтын болған. Мұндай жағдайда «Ақсарбас!» деп үш рет айқайлаған. Сосын қауіп-қатерден аман қалғанында әлгі адам ауыл аймағын шақырып құдайы берген. Ақсарбасқа шалынатын мал: бозқасқа (қой), көкқасқа (жылқы), қызылқасқа (сиыр). Адам ақсарбас атағанда қай малын айтса, соны құдайыға союы тиіс.

Асату. Бұл дәстүр Сәбит Мұқановтың «Халық мұрасы» деген кітабында толық баяндалған. Дастарқан басында ет жеп отырғандар тоя бастағанында, төрде отырған ақсақал қалған етті қолымен қонақтарға, жас балаларға асатады. Бұрындары ауыл балалары ет асаймыз деп қонақ келген үйдің қасында жүретін-ді.

Аунату. Қазақтар үйіне келіп қонақ болған, қонып кеткен адамдардың отырған, жатқан жеріне «баламыз осы атасына тартсын, бойына осы атасының қасиеттері қонсын» деп балаларын аунатып алатын болған. Елге, ағайынға сыйлы азамат кіндік қаны тамған туған жеріне келгенінде халық, туған-туыстары, дос жарандары оны сол жердің топырағына аунатып алған.

Босаға майлау. Жастар шаңырақ құрғанында немесе біреу жаңа үй алғанында жақын туған-туыстары келіп жаңа үйдің босағасына май жағу салтын жасайды. Ол осы үй берекелі, майдай жұғымды, көптің үйі болсын деген ниеттен туған. Босағасын майлаған адамға шаңырақ иелері кәде береді.

Қазан шегелеу. Жақын туыс, әзіл-қалжыңы жарасқан адамдардың үйіне екі-үш адам бірге барып: «Осы үйдің қазанын шегелей келдік» дейді. Бұл олардың түстеніп, ет жеуге келгендігі. Үй иесі оған әзілмен жауап қайтарып: «Жақсы болды, қазан шегелейтін адам таба алмай отыр едік» деп қонақжайлық танытады, әйелі ет асып қонақасы береді.

Қалау айту. Біреудің жақсы малына, мүлкіне көңілі кеткен адам сол үйдің иесіне немесе әйеліне, баласына соған лайықты бағалы бір тарту әкеліп, әлгі дүниені, жануарды «менің қалауым осы» деп сұрайды. Кейде үй иесі мұндай сыйлы, жөн-жоралғысымен келген қонаққа өзі сөз салып: «Бұл үйден қалаған бір зат бар ма? Қалауыңызды айтыңыз» деп сұрап, қалағанын сыйлайды.

Сыйыт. Ежелгі дәстүрде қайтыс болған адамның тұтынған киімдерін оның сүйегін жууға кірген, яғни халық тілімен айтсақ, «өлікке түскен» адамдарға марқұмның атынан киім үлестіреді: бас жағына түскенге бас киімін, ортасына түскенге шапанын, аяғына түскенге етігін (шұлғауымен) атап, таза, тұтынылмаған киімді үлестіретін салт болған.Бұған қосымша өзі қатарлас адамдарға басқадай ұсақ киім, көйлек және басқа кәде қоса ұсынады. Егер киімі берілмей, үй-іші қараулық жасаса, аруақ жалаңаш жүреді деген сенім бар.

Деңгене. Қазақта сайыс ретінде ұйымдастырылатын салт-дәстүрлерді де кездестіруге болады. Солардың бірі – «Қазақ халқының салт-дәстүрлері» кітабында көрсетілген «деңгене» дәстүрі. Көрші ауылдан келген үш-төрт жігіт алдымен түсетін үйін сайлап алып, сол үйдің жанына барып «Деңгене жеуге келдік» деп айғайлайды. Ал үй иесі бұл сөзді естіген соң, семіз бір қойды сойып, етін түгел қазанға салдыртады. Деңгене дәстүрі бойынша келген жігіттер сол қойдың етін түгелімен жеп, сорпасын ішу керек. Тауыса алмаса, бір қойды екі қой қылып қайтаруға мәжбүр болған.

Үме. Қазақстанның кей жерлерінде, көбіне маусымдық шөп шабу кезінде үмеге шақыру дәстүрі болған. Көмекке келгендерге берілетін ас “үме” деп аталған. Үмеге жақын туысқандар да мал беріп, қымызын әкеліп, тағы басқа көмек көрсеткен. Үме кезінде ұйымдастырушылар тарапынан шөп шабындығына үй тігіледі де, ас әзірленеді. Ас ішіліп, желінгеннен кейін аяқ жағы той-думанға ұласқан. Кейде үлкен үмелерде жігіттер күреске түсіп, қара жарыстар ұйымдастырылған. Үме кезінде әркім өз өнерін көрсетуге тырысқаны ел арасындағы «Үмеге келген үндемей қалмайды» деген сияқты мақалдар айғақтайды.

Бәсіре. Шаңырақта ұл бала дүниеге келгенде сол күндері туған құлынды немесе ботаны «нәрестенің бәсіресі» деп атау салты болған. Қазақ халқының ұғымында дүниеге келген баланың болашағы өзіне атаған бәсіремен тығыз байланысты. Сондықтан оны мінбейді, сатпайды. Бәсіре мүмкіндігінше жүйрік, жорға болғаны дұрыс. Бәсірені баламен бірге қадағалайды, бұла қып өсіреді. Қазақ халқы бәсіресі бар баланың да есейе келе малға деген ықыласы, пейілі түзу болады деп пайымдаған.

Аушадияр. Үйлену тойы кезінде айтылатын дәстүрлі өлең, жыр. Жәй өлең емес, өзіндік айтылар әні, ерекше ұлттық тәрбиелік маңызы бар. Аушадияр деп аталатын бұл жырдың үлгілерін шетелдегі қазақтар сақтап, бізге жеткізген. Қазір Қазақстанда аушадияр айтылмайды.

Жинақтаған

Берен ШАҒЫРОВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!