Қызылорда облысының Шиелі ауданында диқан Ыбырай Жақаевтың 130 жылдық мерейтойына арналған мерекелік шара өткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған шара Ыбырай Жақаевтың мерейтойына арналған театрландырылған көрініспен басталып, «Алтын күз-2021» мерекесіне орай салтанатты шараға ұласты. Шара барысында сала үздіктері марапатталды. Аудан әкімі Нариман Мақұлбеков еселі еңбектен мол несібеге кенелген жұртшылыққа құттықтау лебізін білдірді.

Айтулы шараға облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов, Ы.Жақаевтың ұлы Сейітбек Жақаев және өзге де азаматтар қатысты.

Мерейлі мереке барысында облыстық мәслихат хатшысы Н.Байқадамов облыс әкімінің құттықтау хатын табыстады. Салтанатты шара барысында еңбек үздіктеріне ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің наградалары, облыс әкімінің алғыс хаттары табысталды.

Шиелі ауданы өңірде еңбек ерлерінің көп шығуымен ерекшеленеді. Сыр өңірінен 102 Социалистік Еңбек ері шықса, соның 41-і Шиелі топырағында дүниеге келген.

Ыбырай Жақаев 1947 жылы күріштің әр гектарынан 171 центнерден өнім алып дүниежүзілік рекорд орнатты. Еңбектегі қаһармандығы үшін әйгілі күріш өсірушіге 1949 және 1971 жылдары екі рет Социалистік Еңбек ері атағы берілді. Ыбекең сонымен қатар, 1946 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығымен марапатталды.

Еңбек тойымен қоса қабат Ы.Жақаевтың 130 жылдығына орай «Жалпақ жұртқа аты мәлім Жақаев» атты республикалық ғылыми-танымдық конференция өткізілді. Ауыр атлетикадан республикалық турнир ұйымдастырылды. Ы. Жақаев мұражайына экскурсиялар жасалып, жастар арасында Жақаевшылар қозғалысы бастау алды.