ҚР Сауда және интеграция министрлігі 2021 жылғы 1 шілдеден бастап «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР кодексінің 110-бабы 2-тармағының 16) тармақшасы күшіне енгенін еске салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аталмыш заң талабы темекі бұйымдарын, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды, кальянға арналған темекіні, кальян қоспасын, темекіні қыздыруға арналған жүйелерді, электрондық тұтыну жүйелерін және оларға арналған сұйықтықтарды (темекі өнімдері) оларды орналастырып және ашық көрсете отырып сатуға тыйым салады.

Министрліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, сауда желілерінде заңнаманың осы нормалары жүйелі түрде бұзылады. «Осыған байланысты, Сауда министрлігі әкімдіктерге, сондай-ақ «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасына, сауда желілері одағына, сауда кәсіпорындары мен шағын маркеттер қауымдастығына сауда қызметі субъектілерінің назарына түсіндіру ақпаратын жеткізу, сондай-ақ темекі өнімдерін орналастыру және сату кезінде заңнаманы бұзуға жол бермеу мақсатында қажетті шаралар қабылдау қажеттілігі туралы хат жолдады.

Сонымен бірге, темекі өнімдері туралы ақпарат сатып алушылардың назарына мәтіні бір сауда орнына көлемі 40х30 сантиметрден аспайтын ақ фонда қара түсті бірдей мөлшердегі әріптермен орындалған және қандай да бір графикалық бейнелер мен суреттерді пайдаланбай сатылатын темекі өнімдерінің бағасын көрсете отырып, әліпбилік тәртіппен жасалған сатылатын өнімнің тізбесін орналастыру арқылы жеткізілетінін қосымша түсіндіреміз»,-делінген хабарламада. Сауда нысанында сатып алушыға темекі өнімін көрсету, сатылатын темекі өнімінің тізбесімен танысқаннан кейін оның талап етуі бойынша жүзеге асырылуы мүмкін.

Сондай-ақ, ақпарат туралы, темекі және темекі бұйымдары туралы, темекі және темекі бұйымдарын сату жөніндегі, сондай-ақ темекі бұйымдарын имитациялайтын тауарларды, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды өндіру, сату және тарату жөніндегі заңнаманың талаптарын бұзғаны үшін «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексінің (ӘҚБтК) 198 және 199-баптары шеңберінде әкімшілік жауапкершілік көзделгенін атап өтеміз.

Бұл ретте, ӘҚБтК-нің 198-бабы бойынша істерді қарау ішкі істер органдарының құзыретіне, 199-бабы бойынша – облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органдарының құзыретіне жатады. 198-бапты бұзғаны үшін айыппұл санкциялары кәсіпкерлік субъектісінің нысанына және бұзушылықтардың қайталануына байланысты 10-нан 100 айлық есептік көрсеткішке дейін (АЕК) және 199-бапты бұзғаны үшін 15-тен 120 АЕК-ке дейін құрайды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!