«Ақмешіт жастары» газетінің ұжымы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің студенттерімен, болашақ журналистермен кездесті.

Басқосуда  болашақта қаламды қару етсем деген жастарға азық болар дүние айтылды. Шынайы ақпараттың маңыздылығын естен шығармау, жеделдікті серік ету мәселесі шет қалған жоқ. Себебі креативті, әмбебап маманға сұраныс азаймайды. Бұдан бөлек, аудиторияны терең зерттеу, жазылар материалдың көлемін ықшамдау, интернет сайтпен жұмыс істеу және оны жетілдіру жайы талқыланды.

Тілшіміз Ерасыл Шәрібек салалық журналистиканы дамыту уақыт күттірмейтінін алға тартты. Сонымен қатар спорт тақырыбында қалам тербейтін студенттерге қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Бас редактордың орынбасары Ерсін Шамшадин мамандықты жүрек қалауымен таңдау қажеттігіне тоқталды. Бұл ретте гуманитарлық ғылымдар магистрі, аға оқытушы Асыл Оразова «Мұғалім боласың, табысы жақсы!» деп баласы үшін шешім шығарып қойған ата-аналар бар. Бірақ  ол бала мектепте өзінің сабақ үлгерімі нашар, басқа салаға икемді болу мүмкін. Осыны ескеру қажет. Білімді ұрпақты қалыптастыру атүсті қарайтын мәселе емес. Мамандықты жүрекпен таңдау керек. Әсіресе, журналистиканы. Мейлі бұл сала табыстың кілті болмасын, десе де ол сіздің қалауыңыз, таңдауыңыз болып қала бермек» деген ой бөлісті.

Еркін форматта өткен кездесу шығармашыл жастардың шабытын шалқытып, редакциямен бірлескен жобалар жасауға серпін берді. Алдағы уақытта жастарға жаңа медианы өндіріске енгізуді үйрету ісі жалғасын таппақ. Білім беру стандарттарының тиімді тұсын пайдалану да назарда.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!