БАӘ-нің Әбу-Даби қаласында 14 жастағы қазақстандық Жібек Құлымбетова джиу-джитсудан (нон-ваза) үш дүркін әлем чемпионы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ол 44 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түсті. Оның қарсыластары БАӘ, Ресей, Таиланд елдерінің өкілдері болды. Барлық айқас тұншықтыру әдісімен ерте аяқталды. «Бүгін Әбу-Дабиде Қазақстанның Әнұраны шырқалып, еліміздің туы көтерілді. Төрт жекпе-жек өткізіп, барлығын да тұншықтыру әдісімен жеңдім… Бірінші қарсылас БАӘ, екіншісі Таиланд, үшіншісі де БАӘ, төртіншісі Ресей Федерациясынан келді. Достар, баршаңыздың жылы лебіздеріңізге рахмет, мен сіздердің қолдауларыңыздың арқасында чемпиондық атақты жеңіп алдым», – деп жазды жас чемпион өзінің Instagram парақшасында.
Qazaqstan Top Team академиясының филиалы болып табылатын Сағадат Нұрмағамбетов атындағы «Sagadat Batyr – QTT» клубының тәрбиеленушісі де өзінің кумирі, бапкер Нұрсұлтан Орынбасаровқа қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді. Жас чемпион енді 14 қарашада Әбу-Дабиде басталатын «Abu-Dhabi World Jiu-Jitsu Championship-2021» турниріне, сондай-ақ Мәскеуде өтетін грэпплинг бәсекесіне қатысуды жоспарлап отыр.
Бұған дейін Жібек екі рет – 2018 және 2019 жылдары әлем чемпионы атанды. Айта кетейік, аталмыш чемпионатқа әлемнің 30-дан астам елінен 14 және одан жоғары жастағы спортшылар қатысуда. Қазақстаннан Жібек Құлымбетовадан басқа тағы бірнеше спортшы жүлдегер атанды: Нұрай Алтынбек алтын (40 келіге дейін), Райымбек Ержан – қола (50 келіге дейін), Дарина Жұмаш – күміс (57 келіге дейін), Айнұр Байғұжа – күміс (70 келіге дейін), Серікжан Мағаз күміс (94 келіге дейін) олжалады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!