«Назарбаев Зияткерлік мектебі оқушысына ұсынылатын 100 кітап» жобасы аясында Қызылорда қаласындағы NIS-те оқырмандар сайысы ұйымдастырылды. Жас зияткерлер оқыған шығармалары туралы білімдерін ортаға салып, алған әсерімен бөлісті.

Кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру мақсатында каңтар айында кезекті төрт Шаңырақ мүшелеріне Шерхан Мұртазаның «Дәрігердің үшінші қаруы», В.Кавериннің «Два капитана», Д.Бойнның «Мальчик в полосатой пижаме» атты туындылары оқуға ұсынылған болатын. Шығарма мазмұнын оқушылар оқырмандар отырысында талқылады. Сонымен қатар жас зияткерлер жазушының әдеби кейіпкерлеріне Венн диаграммасы арқылы сипаттама беріп, ерік-жігер, ар-намыс, адалдық, достық, өз мақсатына жете білу секілді адами қасиеттерді суреттеген автордың шеберлігіне талдау жасады. Іс-шараның соңында қатысушылар викторинада бақ сынасып, нәтижесінде 8 «А» сынып оқушылары Шыңғыс Нұрлан пен Амина Омарова және де 8 «С» сынып оқушысы Аида Тұрсынбекова үздік деп танылды.

– Оқырмандар клубы 2018 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Бүгінде клубтың 50-ден астам тұрақты мүшесі бар. Ай сайын оқушылар бір шығармамен танысып, өзара талқылап отырады. Рухани азық алып, шығарманың тәрбиелік мәніне назар аударып, жағымды қасиеттерді бойына сіңіреді, – дейді жоба жетекшісі, педагог-ұйымдастырушы-куратор Гүлжан Досанова.