Алматы облысында 12 жастағы оқушы үш мектепке бомба қойылғаны туралы жалған хабарлама жіберген. Жыл басынан бері сегіз қазақстандық жалған ақпарат таратқаны үшін түрмеге қамалған. Бұл туралы брифингте Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шұғыла Тұрлыбек мәлімдеді, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Тұрлыбек 22 қыркүйекте Алматы облысының Іле ауданында үш жалпы білім беретін мектепке орнатылған жарылғыш құрылғылар туралы электрондық пошта арқылы хабарланғанын айтты.

«Полиция ҰҚК-мен бірлесіп осы қылмысты жасаған 12 жастағы оқушыны анықтады. Қылмыстық жауапкершілік жасына жетпеуіне байланысты оқушыға қатысты қылмыстық іс тоқтатылды. Бірақ оның ата-анасы кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін ӘҚБтК-нің 127-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 10 АЕК көлемінде әкімшілік айыппұл салынды», – деді Тұрлыбек.