Биыл университеттерге жүргізілетін тексеріс саясаты өзгерді. Бұл туралы ОКҚ-де өткен жиында Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Гүлзат Көбенова айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

“ЖОО-ларға тексеріс жүргізудегі басты мақсатымыз – оларды жабу емес, сол университеттерде кадрларды даярлауда сапаны жетілдіру әрі нығайту. Егер ЖОО тексеріске түскен жағдайда әр университетке тексерістен өтуі үшін 3 мүмкіндік беріледі. Бірінші тексерістен кейін анықталған кемшіліктер бойынша өз жұмысын заңға сәйкес келтіру үшін кемшіліктерін түзетуге екінші мүмкіндік беріледі. Тек үшінші мүмкіндіктен кейін ғана кемішілік жойылмаған жағдайда шешім қабылданады”, – деді Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Гүлзат Көбенова.

Комитет басшысының сөзінше, соңғы екі жылдың ішінде Қазақстанда 16 университет толығымен жабылып, студенттері тиісті мамандығы бойынша басқа университеттерге ауыстырылған. Сондай-ақ профессорлық, оқытушылық құрам да жұмысқа орналасқан.

“Былтырғы жылы Білім туралы заңға өзгерістер енгізілді. Егер ЖОО тексерістен кейін бүкіл мүмкіндіктерді пайдаланбаса, жабылу туралы сот шешімі күшіне енсе әрбір құрылтайшы өзі жауап береді. Университет жабылғаннан кейін барлық студенттерді міндетті түрде басқа ЖОО-на ауыстыруы керек”, – деді Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Гүлзат Көбенова.

Биылдан бастап университеттердегі тексеріс саясаты өзгерді.

“Мемлекет басшының тапсырмасы бойынша “таза парақтан” жаңа реттеуші саясаты енгізілді. Бұл дегеніміз тексеріске жататын субъектілердің тізімі адаммен анықталмайды. Ендігі жерде автоматты түрде жүргізіледі. Әрбір субъектінің ақпараттық жүйесі болуы керек. Солардың бәрін мемлекеттік органдардың жүйелерімен қоса бір үлкен жүйе болады. Біз қаншалықты қауіп бар екенін анықтау үшін тиісті критерийлерді анықтаймыз”, – деді Гүлзат Көбенова.

Министрлік өкілінің сөзіне қарағанда, бүгінде жұмыс тобы құрылған. Енді автоматтандыру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!