Мектебімізде ардагер ұстазбен кездесу кеші ұйымдастырылды. Тағылымды шарада қалалық білім бөліміне қарасты ардагерлер ұйымының төрағасы Баймбетов Мылтықбай Мұстафаұлы қонақта болып, оқушыларға келісті ой, пайымды пікір айтты.

Иә, ұстаз аты биік әрі мәңгілік. Ұстаз берген тәрбие әрбір жанның өміріне жол сілтер шамшырақ секілді. Ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да бәрі-бәрі ұстаздан білім, тәлім алған.

Мылтықбай Мұстафаұлы да саналы ғұмырын білім беру саласына арнады. 1973-1978 жылдар аралығында Қазалы ауданындағы № 102, 104 орта мектептерінде ұстаздық етті. 1976 жылы білімін жетілдіріп, Сырдария ауданындағы №101 орта мектебінде мұғалім, оқу тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметіне дейін көтеріледі. Ал 1995-2015 жылдар аралығында Бірқазан елді мекеніндегі №145 орта мектебінде директор болды.


Бүгінде қалалық ардагер ұстаздардың қоғамдық бірлестігінің төрағасы қызметін атқарады. Білім беруде жоғары саналатын Ыбырай Алтынсарин төсбелгісінің иегері. Білім және Ғылым Министрлігінің құрмет грамотысымен марапатталған.


Тағылымды кеште орамды ой, келісті пікірлер айтылды. Мылтықбай Мұстафаұлы ұстаздық еткен өмір жолынан сыр шертіп, балаларға өнеге өсиетін айтты. Оқушылар да кері байланыс орнатып, көкейіндегі сұрақтарын қойды.

Еламан АЛМАТҰЛЫ,

№189 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!