Облыс әкімінің орынбасары Балжан Мөрәліқызы жақында өткен Президенттік олимпиадада аймақ абыройын асқақтатып, күміс медаль иегерлері атанған Е.Әуелбеков атындағы дарынды балаларға арналған №4 облыстық мектеп-интернатының 11 сынып оқушылары Какпан Нұрлыхан мен Нұрдәулет Бергенбекұлын қабылдады.

Естеріңізге сала кетейік, Қарағанды қаласында жаратылыстану-математикалық бағытында ұйымдастырылған ХІ Президенттік олимпиада өткізілді. Білім бәйгесіне өңірімізден 10 оқушы бақ сынаған болатын.

Нәтижесінде олимпиадада №4 облыстық мектеп-интернатының қос оқушысы Нұрдаулет пен Нұрлыхан жүлделі 2 орынды иеленіп, еліміздегі белді жоғары оқу орындарына грант жеңіп алды.Сонымен қатар, олимпиада қорытындысымен «Ең үздік олимпиадалық мектеп-2021» номинациясы бойынша жүлделі ІІІ орынды Қызылорда қаласы Е.Әуелбеков атындағы дарынды балаларға арналған №4 облыстық мектеп-интернаты қанжығасына байлады.

Жиында Балжан Мөрәліқызы жеңімпаз оқушылар мен мектеп-интернатының директорын құттықтап, арнайы алғыс хатпен, планшеттер табыстады.