Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде «Ашық сағат алаңы» шеңберінде мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп аз қамтылған отбасыларға қаржылық және материалдық көмек көрсету қағидалары бойынша цифрлық платформаны енгізу мәселелері талқыланды.

Аталған жобаны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың отандық жеңіл өнеркәсіпті дамыту аясында мемлекеттік тапсырыстарды мектеп формасын сатып алуға бағыттау тапсырмасына сәйкес жүзеге асыру көзделіп отыр.

Аталған пилоттық жобаны алдымен Астана қаласында, кейін еліміздің барлық өңірінде енгізу жоспарланған.

«Қазіргі уақытта «Әлеуметтік әмиян» платформасы арқылы ата-аналарға белгілі бір дүкендерде мектеп формасын сатып алуға кепілхат беру мәселесі қарастырылуда. Сондай-ақ отандық тауар өндірушілерге мектеп формасын сату үшін жеңілдікті шарттармен сауда нүктелері ұсынылғаны жөн. Осыған байланысты отандық тауар өндірушілердің тізілімін қалыптастыру қажет, басты талаптардың бірі – ұлттық стандарттарға сәйкес өнім өндірісін анықтау», – деді Индустриялық даму комитетінің төрағасы Ілияс Оспанов.

Жоба нәтижесінде бюджет қаражатын нысаналы мақсаты бойынша жұмсаудың ашықтығы қамтамасыз етілетін болады. Сондай-ақ мектеп формасын шығару бағытындағы отандық өндіріс көлемін арттыруға ықпал етеді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!