Уақытша директор бұған дейін өзіне ұнамаған маманды ұдайы тексеріп, тырнақ астынан кір іздеген. Ол екі жылдан бері мектеп интернатта еңбек ететін Гүлмира Тәжібаеваны да бастауыш сынып мұғалімдігінен босатуды ұйғарған. Ұстаз аяқ асты шыққан шешімді әділетсіз дейді.

“Тәрбиеші болып жартылай мөлшерлемеде қаласыз дейді. Бұл менің мүгедек балам мен күнделікті қажеттіліктерімізге жетпейді ғой. Тіпті сонда айлығым 50 мың ба, 30 мың ба білмеймін. Онымен қалай күн көремін? Осы кезге дейін ешқандай қатаң сөгіс алмағанмын”,- деді  ұстаз.

Білім ордасының басшысы бұл іске ата-аналардың арызы түрткі болғанын түсіндірген. Бірақ бұл ақпарат расталмады. Керісінше олар сүйікті ұстаздың жұмыстан кететініне наразы болды.

“Балам кеше маған жылап хабарласты. Бұл кісі кетсе мені де алып кет дейді. Ал мен 6 баланың анасымын, жалғызбастымын. Өзім жұмыс істейтіндіктен балаларымды осында алып келіп оқытып отырмын. Мен бұл кісінің кеткенін қаламаймын. Бұл заңсыздық”,- деді ата-аналар комитетінің жетекшісі Самал Мұсабаева.

Бұрынғы басшы өткен жылдың шілдесінде қайтыс болған. Кейін директор міндетін уақытша атқарып жүрген азамат алты ай ішінде оннан аса маманды жұмыстан шығарған. 

“Мектеп интернатта 16 жыл жұмыс істедім. 1 желтоқсаннан бастап арыз жазып, шығып кеттім. Мені мәжбүрледі, қыспаққа алды десе де болады. Күнде тексеріп, тырнақ астынан кір іздеді. Жұмыс істеу мүмкін болмай кетті”,- деді қала тұрғыны Фатима Әбдіқалиева.

Дегенмен директор бұл айтылғандарды жоққа шығарды.

“Бір айға өз білімін жетілдіруге уақыт бөліп жатырмыз. Кейін ары қарай сертификатын алып, дайындалып, жұмысын жалғастыра береді”,- деді директордың міндетін уақытша атқарушы Аманқос Дүйсенбаев.

Қалалық білім басқармасы бұл істі тексеру үстінде. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!