Қазақстандағы білім беру мекемелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін шұғыл шаралар қабылдау керек. Бұл туралы сенатор Нұртөре Жүсіп премьер-министр Әлихан Смайыловқа жолдаған депутаттық сауалында айтты деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Депутат Петропавл қаласындағы 9-сынып оқушысы мектепке балта мен пышақ алып келіп, үш баланы жарақаттаған қайғылы жағдайды еске салды. Сенатор елімізде бұл бағыт бойынша маңызды ғылыми база жоқ екенін атап өтті. Сонымен қатар оқушылардың психологиялық портретін жасау, отбасының әлеуметтік мәртебесін анықтау кезінде депрессияға немесе агрессияға бейім балаларды алдын-ала оқшаулау ескерілмейтінін айтты. 

«Көп сатылы кешенді қауіпсіздік жүйесін жасауды күн тәртібіне шығару керек. Әлем елдерінде мұндай тәжірибелер бар Қай ел болсын бұл мәселеге асқан жауапкершілікпен қарайды. Мәселен, Қытайда мектепке тек оқушының да ата-ананың да суреті бар арнайы куәлікпен кіруге болады. Кез келген оқу орнында күзетші кабинкасы қойылған. Келген адамның куәлігі болмаса, тек мұғалім ғана ертіп кіре алады. Ал Францияда оқушыларға ғимаратқа алып кіруге болмайтын заттар тізімі жазылған нұсқаулық беріледі. Сабақ арасында сөмкелері тексеріледі. Жылына екі рет антитеррористік жаттығу сабақтары өткізіледі», – деді Нұртөре Жүсіп. 

Сенатор «Білім туралы Заңында» оқушылар мен ұстаздардың  қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы бір ауыз сөз жоқтығын айтты. 

«Еліміздегі білім беру мекемелерінде криминалдық және террористік сипаттағы қауіп-қатерден қорғайтын, оқу орындарындағы оқушыларды, мұғалімдер мен қосалқы персоналды сақтауға арналған қауіпсіздікті қамтамасыз етудің тиімді жүйесін жасау жөнінде шұғыл кешенді шаралар қабылдауды сұраймыз», – деді сенат депутаты Нұртөре Жүсіп. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!