Қызылорда облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова бүгінгі 45 минутын шәкірттермен өткізді. Серәлі Лапин атындағы №261 мектептің 10 сынып оқушыларының арнайы ұсынысымен «Физика» пәнінен сабақ өткізген аймақтың бас ұстазы жаңа тақырыпты тың тәсілдермен түсіндірді.


Физика сабағының тақырыбы – «Изопроцестер. Изопроцестердің графиктері. Дальтон заңы». Сабақтың ерекшелігі – изопроцестерді графикалық тәсілмен сипаттай отырып, тәуелділікті анықтау мазмұнына сәйкес дайындалған. Сонымен қоса, тақырыпты ашу мақсатынды макроскопиялық параметрлердің байланыстарын көрсету үшін тәжірибе жұмысы жасалды.


Сабақта оқушылар жеке, топтық формада жұмыс жасап, тапсырмаларды жылдамдыққа орындады. Топтық жұмыста изопроцестердің графиктерін pV, pT, VT параметрлері бойынша салуға тапсырма беріліп, «Сематикалық карта» арқылы жеке жұмыс жүргізілді. Сабақ соңында оқушылармен «SWOT» талдау арқылы кері байланыс жасалды.


«Осыдан бірнеше ай бұрын аталмыш мектептің оқушылары дәріс беруімді сұрап, ұсыныстарын білдірген болатын. Шәкірттердің тілегін орындаудың сәті түсіп, бүгін ынталы оқушылардың ортасына келіп сабақ бердім. 6 жылғы үзілістен соң өткізіліп отырған бұл сабағымда балаларға барынша жаңа тақырыпты тың әдістермен түсіндіруге, ҰБТ кезеңінде есептерді шығаруда алабөтен ойлануға бағыт-бағдар бердім. Ұстаздық еткен күндерімді еске алып, оқушылармен емін-еркін топтық тапсырмаларды бірге орындадық», – деді басқарма басшысы Ақзира Бақтыбайқызы.


Басқарма басшысы сабақ беру сәтінен кейін мектептің 11 сынып оқушыларымен кездесті. Еркін форматта өткізілген басқосуда Ұлттық тестке әзірлік, мамандық таңдау секілді өзекті мәселелер талқыланып, түлектер аймақтың бас ұстазымен еркін пікір алмасты.