Ахмет Байтұрсынұлы туған халқының бейбіт, еркін өмір сүруіне, ұрпағының сауатты болуы жолына бар ғұмырын арнаған, сол жолда аянбай қызмет еткен күрескер-ғалым. Ұлт ұстазы туралы Сәкен Сейфуллин «Қазақтың басқа оқығандары шен іздеп қызмет қылып жүргенде, сол заманда Ахмет Байтұрсынов қазақ халқының қамын ойлаған жалғыз кісі еді» деп бағалайды.

Ахмет Байтұр­сынұлы – қазақ тілінің заңдылықтарын оқытатын тұңғыш оқулықтар құрастырған әдіскер ғалым. Күллі қазақты ана тілінде сауаттандырушы алғашқы ұстаз. 1912 жылдан бастап сауаттандыру құралдары мен әдістерін құрастырып, оқушыларға бір бөлек, ересектерге бір бөлек әдістемелік нұсқаулық жазған ғалымның еңбектері қазақ тілін оқыту әдіснамасының іргетасын қалады. Ұлт ұстазының қазақ халқының сауатын жолға қоюы сол кезеңдегі мерзімді баспасөз беттерінен айқын көрінеді. Ғалым, филология ғылымдарының кандидаты А.Сейітбекованың айтуынша, 1913 жылы «Қазақ» газетіне жарияланған «Оқу жайы», «Орысша оқушылар», «Қазақша оқу жайынан», 1914 жылы «Бастауыш мектеп», «Мектеп керектері» мақалаларында көрініс тапқан. Мәселен, ғалым «Оқу жайы» мақаласында оқу-білімнің қажеттілігі, мектептер мен жоғары оқу орын­дары­ның қазақ баласы үшін орын­дардың шек­теулігі, хат танитын­дардың саны мен сапасы, оқу бағ­дарлама­сы жайында сөз етеді. Мақала мазмұнын­да өкіметке наразылығын білдіре отырып, мектеп санын көбейтудің жолын да ұсынады. Ахмет Байтұрсынұлының бұл ұсыныстарының мақсаты – қазақ балаларын оқытуда орыстандыру саясатына өзгеріс ендіру арқылы халықтың сауатын ашуға мүмкіндік беру болатын.
А.Байтұрсынұылы «Мектеп керектері» мақаласында басты керек үш нәрсені атайды: «Әуелі мектеп керегі – білімді, педагогика мен методикадан қабардар, оқыта білетін мұғалім. Екінші, оқыту ісіне керек құралдардың қолайлы һәм сайлы болуы… Үшіншіден, мектепке керегі белгіленген проғырамма». Осы керектерді ғалым әрі қарай тарқатып жазады. Орысша оқығандардың мұғалім болуға жарамайтынын, олардың мұсылманша хат тануына немесе бірер ай қажеттігін айтады. Қазақ бастауыш мектебінде үйретілетін білімдер мынау: оқу, жазу, дін, ұлт тілі, ұлт тариқы, есеп, шаруа-кәсіп, жағырапия, жаратылыс жайы».
Ғалым мақаласын «Қазақта ана тілімен оқытуға оқу кітаптары жоқ, бірден орысша оқытуды қуаттаушы шенеуніктер болған. Сондай сөздер болмас үшін ана тілінде оқытатын кітаптарымыз бар деп айтуға жарарлық болуымыз тиіс» деп қорытады. Осылайша қазақ елін оқу-білімге, еңбек етуге шақырған Ахмет Байтұрсынұлы сол кездегі саяси, экономикалық мәселелерді, әлеуметтік, педагогикалық қажеттіліктерді халқына да, балаларды оқытатын мұғалімдерге де, тиісті өкімет басшыларына да қарата айтып, өз ұсыныстары мен талап-тілегін баспасөз беттерінде жиі-жиі жариялап отырады.
«Араб әліпбиін пайдаланған түркі халықтары ортақ орфографиялық заңдылыққа бағынған болатын. А.Байтұрсынұлы бұл жазуды ұлттық деңгейге көтерудің ең басты тәсілі ретінде араб әліпбиін қазақ тілінің дыбыстық заңдылығына сәйкес ре­фор­малау деп білді. Осылайша араб графикасына өзгеріс енгізу идеясын алғаш көтеріп, оны іс жүзінде реформалады», – деп жазады А.Бай­тұрсын­ұлы атындағы Тіл білімі инс­титуты Ахметтану бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері Г.Мамытбек.
Ахмет Байтұрсынұлы әліпбиі, яғни төте жазу 1912 жылдан бастап қолданысқа енгені белгілі. Төте жазу, яғни Ахмет Байтұрсынұлының әліпбиі сауат ашудың ең тиімді құралы болды.
Ахаң жас ұрпақтың сана-сезімін ұлттық дәстүрде қалыптастыру үшін білім берудің алғашқы сатысы бастауыш мектеп екеніне ерекше мән беріп, еңбектерінің көпшілігін жас ұрпаққа арнайды. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының Тіл тарихы және түркітану бөлімінің меңгерушісі А.Сейітбекованың пікрінше, әдіскер-ғалым әр жылдары жариялаған «Оқу құралы», «Тіл-құрал», «Тіл жұмсар», «Әліппе», «Баяншы», «Әліппе астары», «Нұсқаушы» еңбектерінің маңызы зор. Аталған оқу-әдістемелік құралдарын жазуда жүйелілік пен реттілік байқалады. Әуелі қазақша сауат ашуды мақсат еткен, бұл үшін «Оқу құралын» жазған. Қазақ тілінің фонетика, морфология, синтаксисін, яғни грамматикалық құрылымын үйрету үшін үш бөлімнен тұратын «Тіл құралды» жазғаны мәлім. Дұрыс сөйлеп, дұрыс оқып, дұрыс жазуға үйретуге «Тіл жұмсарды» жазып, сонан кейін тілді оқыту методикасына кіріседі. Сабақты осы оқулықтар бойынша үйрететін мұғалімдерге арнап «Әліппе астары», «Нұсқаушы», «Баяншы» нұсқаулықтарын жазады.
1926 жылы жарық көрген «Әліпби. Жаңа құрал» аталатын оқулығы өз заманына лайық әліппе жасаудың озық үлгісі болды. Бұл оқулықтың жаңалығы дыбыс әдісімен қатар «тұтас оқу» әдісі қосылуында. Сондай-ақ, алдыңғы оқу құралдарымен салыстырғанда бұл оқулық суреттермен көрнекіленген. Мұнан сауат ашу оқулықтарында, яғни әліппеде сурет көбірек болуы түсініп оқуды жеңілдететіні сол кезде-ақ дәлелденгенін байыптаймыз.
Сонымен қатар қазіргі таңда дәстүрлі оқытудан жаңартылған білім мазмұнына ауысқан білім беру жүйесінде «білім алушылардың алған білімін күнделікті өмірде қолдану» қағидасы басшылыққа алынып жүр. Оқытудың бұл жүйесі де Ахмет Байтұрсынұлының «Баулу мектебі» атты мақаласында» баяндалады: «Өлі оқудан» көрі «төте оқу» беретін білім жандырақ. «Төте оқудан» гөрі «көрнекі оқу» беретін білім жандырақ, «баулу» беретін білім бəрінен де жандырақ. «Баулу» асылында дағдылы шағындағы тіпті «бала оқыту» емес, тіршілік ісіне тігілей түсіру». Ғалымның сол кездегі мұғалімдерге қазақ тілін оқытудың әдістерін ұсына отырып «Әдіс – керекшіліктен шығатын нәрсе. Әдістің жақсы-жаман болмағы жұмсалатын орнының керек қылуына қарай» деген сөздері әрбір педагогқа бұлжымас қағида болары сөзсіз.
Қазақ тіл білімінің атасы әрі реформаторы ретінде танылған Ахмет Байтұрсынұлының еңбектері, ондағы әдістер мен теориялық тұжырымдар ешқашан өзектілігін жоймақ емес.

Сәуле ЖОЛШОРАЕВА,
№211 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!