Қазақстан оқушылары химиядан халықаралық олимпиадада (IChO-2022) 1 алтын және 3 күміс медаль жеңіп алды деп хабарлады turkystan.kz Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовтің Телеграм арнасына сілтеме жасап.
Жарыс Тяньцзинь қаласында (Қытай) өткен.
«Еліміздің атынан Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Павлодар және Ақтау қалаларынан 4 оқушы қатысты. Олар әлемнің 83 елінен келген 322 оқушымен бақ сынасты. Осылайша, 4 оқушымыз да беделді олимпиаданың жеңімпазы атанды. Ұлттық құрамаға 2017 жылдан бергі алғашқы алтынды Мадияр Қасымалы әкелсе, Санжар Бисенәлі, Санжар Нұрғалиев және Альмира Нұрланова күміс жүлдені еншіледі. Былтыр қоржынымызға үш күміс, бір қола медаль түскен болатын» деп жазды министр.
Министр биыл осындай олимпиада жеңімпаздарына қомақты ақшалай сыйақы алуға және отандық ЖОО-ларға ҰБТ тапсырмай-ақ түсуге мүмкіндік берілетінін жеткізді. Сонымен қатар оқушыларды жеңісімен құттықтап, биыл осындай олимпиадалардың жеңімпаздары алғаш рет қолдауға ие болатынан айтты
«Балаларымыздың математика, физика, химия пәндерінен халықаралық олимпиадалардағы жетістіктері – жаратылыстану пәндеріндегі жақсы жетістіктердің көрсеткіші. Команданың табандылығы, білімі, еңбегі және жеңіске деген жігері барлық оқушыға үлгі болары сөзсіз. Биыл осындай олимпиадалардың жеңімпаздары алғаш рет қолдау шараларына ие болады. Олар қомақты ақшалай сыйақы алуға және отандық ЖОО-ларға ҰБТ тапсырмай-ақ түсуге мүмкіндік алып отыр. Оқушыларды жарысқа дайындаған ұстаздар да төлемақы алады», – деді министр.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!