Оқу-ағарту министрлігі мектеп формасына қойылатын талаптарға өзгеріс енгізетін болды. Тиісті бұйрық жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Жаңа өзгерістерге сәйкес, ұлдарға мектепке пиджак, жилет, шалбар, мерекелік жейде, күнделікті жейде, түймелері бар немесе сыдырмалы тоқылған күрте/кардиган, поло жейде немесе тенниска киюге болады. Ал қыста трикотаж жилет, водолазкаға рұқсат етіледі. Алайда киімнің түсі, стилі және басқа да тұстары мектеп әкімшілігімен келісілуі керек.

Ұлдарға арналған шалбарлар еркін тігілген және ұзындығы бойынша тобықты жауып тұрады.

Ал қыздардың мектеп формасы:

пиджак, жилет, юбка, шалбар, классикалық жейде, түймелері бар немесе сыдырмалы тоқылған күрте/кардиган, поло жейде немесе тенниска;

қысқы уақытта: трикотаж жилет, сарафан, водолазка.

Қыздарға арналған шалбарлар еркін тігілген және ұзындығы бойынша тобықты жауып тұрады.

Мереке күндері ұлдарға күнделікті формаға қосымша ақ жейде, ал қыздарға ақ блузка кию, сондай-ақ мектеп формасының негізгі түсіне сәйкес немесе кереғар келетін галстук тігу туралы талаптар алынып тасталады.

Мектеп формасына орта білім беру ұйымының ерекшелік белгілерін (белгілер, тігіспелер, шеврон және тағы басқа) орналастыруға рұқсат етіледі.

«Жалпы мектеп формасына қойылатын талаптар өзгермейді. Бұл жерде әңгіме тізімді толықтыру және таңдау мүмкіндігін беру жайында болып отыр. Бұған дейін ата-аналар бұл мүмкіндіктің балалар үшін ыңғайлы екенін айтып, қарастыруды сұраған болатын. Өйткені сабақ кезінде ресми костюм кию балалардың барлығына бірдей қолайлы емес. Сол себепті балама ретінде ыңғайлырақ киіммен келуге рұқсат беру ұсынылып отыр. Мысалы, ресми пиджак немесе жакет орнына тоқылған күрте/кардиган және күнделікті жейде орнына поло жейде. Шешімді мектеп әкімшілігі, қамқоршылық кеңесі және мектептің өзін-өзі басқару кеңесі қабылдайды. Бұл толықтырулар келесі жылы мектептерде шешім қабылдауға жеткілікті уақыт болуы үшін алдын ала басталып отыр. Бірақ бұл мектептер бекітілген талаптарды міндетті түрде қайта қарауы керек дегенді білдірмейді. Бұл қажет болған жағдайда пайдалануға болатын қосымша мүмкіндік пен нұсқа ғана», – деп түсіндірді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Орта білім комитетінің төрағасы Гүлмира Райынбекқызы.